Францияда аптап ыстықтың соңы алапат өртке ұласты: оны сөндіруге екі мың әскери қызметші қосылды
Франция Қарулы күштерінің 2 мыңға жуық әскери қызметшісі елдегі табиғи өрттерді жою операцияларына тартылды
Франция Қарулы күштер министрлігі жанындағы министр-делегат Алис Рюфо BFMTV телеарнасының эфирінде осылай мәлімдеді. Оның айтуынша, тағы 2 мыңға жуық әскери қызметші резервте тұр. Рюфо өртті сөндіруге, оның ішінде инженерлік бөлімшелердің қатысып жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жаңа шешімдер қолданылды. Қарулы күштер жағдайға бейімделу қабілетін көрсетті, олар Airbus A400M ұшақтарын, Reaper ұшқышсыз ұшу аппараттарын, сондай-ақ өртпен күресетін тікұшақтарды пайдаланып жатыр», - деді министр.
Айта кетейік, әдетте Францияда орман өрттерін сөндіру үшін Bombardier 415 амфибия-ұшақтары қолданылады. Соңғы апталарда бірқатар еуропалық ел аптап ыстық пен құрғақшылықтың бұрын-соңды болмаған толқынына тап болды, бұлар ауқымды орман өрттерін тудырды.
Ең күрделі жағдай Жерорта теңізінің туристік аймақтарында қалыптасып отыр. Тілсіз жау мыңдаған гектар орманды жойып, жергілікті тұрғындар мен туристерді эвакуациялауға мәжбүр етті және адам өліміне әкеп соқты. Өртпен күресуге ЕО-ның бірнеше елінен жүздеген өрт сөндіру есептері мен арнайы авиация тартылған.