Степногорскіде мас әйел полицейдің беті мен мойнын тырнап тастады
Оқиға 15 тамызға қараған түні сағат 00:30 шамасында болған
Степногорскіде мас әйел шақыртуға келген полицейдің беті мен мойнын тырнап тастады. Полиция қызметкеріне күш қолдану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
15 тамызға қараған түні сағат 00:30 шамасында Степногорск қаласының полиция басқармасына тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде шулағаны туралы хабарлама түскен. Шақырту орнына автопатруль жеткен.
Полицейлер көрсетілген мекенжайға келген кезде пәтерден қатты музыка естілген. Есікті 40 жастағы әйел ашқан. Полицияның алдын ала мәліметінше, әйел адам мас болған.
Патрульдік полиция қызметкерлері қатты музыканы өшіруді талап етіп, әйелге медициналық куәландырудан өтуді ұсынған. Алайда ол бұл талаптан бас тартып, балағат сөздер айтып, полиция қызметкерлеріне агрессия танытқан.
Жанжал подъезде де жалғасқан. Алдымен әйел полицейлердің бірін итере бастаған. Кейін пәтерден жүгіріп шығып, оған шабуыл жасап, беті мен мойнын тырнап тастаған. Оқиғаның барлығын патруль құрамындағы екінші қызметкер бейнекамераға түсіріп алған.
«Осы факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу аясында тиісті шаралардың барлығы қабылданады», – деп хабарлады полиция.