«Өнер адамдарының еңбегі лайықты бағалануға тиіс»: Аида Балаева жаңа марапаттардың маңызын айтты
Айтуынша, «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағы мәдениет өкілдерінің еңбегін бағалауға мүмкіндік береді
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағының енгізілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министр бұл шешімді мәдениет пен өнер саласы үшін маңызды әрі көптен күткен қадам деп бағалап, сала өкілдерінің атынан Мемлекет басшысына алғыс айтты.
«Бұл мәні зор шешім – мәдениет пен өнердің қоғамдағы мәртебесін арттыруға, осы салаға бар ғұмырын арнаған азаматтардың еңбегін лайықты бағалауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың жалғасы деп білемін.
Бүгінде еліміздің мәдениет саласында 56 мыңнан астам маман еңбек етеді. Елімізде 85 театр, 286 музей, 67 концерттік ұйым және 3054 мәдени-демалыс ұйымы жұмыс істейді. Бұл сандардың артында ұлттық мәдениеттің дамуына талмай еңбек етіп жүрген қаншама адамның қажырлы қызметі тұр. Олардың еселі еңбегі ұлттық өнерді өркендетіп, мәдени мұрамызды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге қызмет етіп келеді. Сондықтан мұндай еңбек мемлекеттік деңгейде лайықты бағалануға тиіс екені сөзсіз», – деді Аида Балаева.
Мәдениетті қолдау – мемлекеттің конституциялық міндеті
Аида Балаева бүгінгі шешімге жаңа Конституцияның қабылдануы да ерекше мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау алғаш рет мемлекеттің негізгі қағидаттарының қатарына қосылып, конституциялық деңгейде бекітілді.
«Президент атап өткендей, енді мәдениет саласын қолдау – мемлекеттің конституциялық міндеті. Бұл норма қазірдің өзінде нақты мазмұнмен толығып келеді. Кейінгі бес жылда мәдениет қызметкерлерінің жалақысы екі есе өсті. Биылдан бастап өнер қайраткерлеріне берілетін мемлекеттік стипендиялардың көлемі де екі есе артты. Жыл сайын мұндай стипендияны 75 азамат алады.
Мемлекет басшысының қолдауымен мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне 260 пәтер берілді. Оның 200-і Астана қаласында болса, 60 пәтер Алматы қаласында табысталды. Биыл тек Мәдениет пен өнер қызметкерлері күніне орай мемлекеттік наградалармен жүзден астам әріптесіміз марапатталды», – деді министр.
«Халық әртісінен» жаңа марапаттарға дейін
Министр мемлекеттік деңгейде мәдениет қайраткерлерінің еңбегін бағалау жүйесі кезең-кезеңімен жаңарып келе жатқанын айтты. Соның бірі – «Халық әртісі» құрметті атағының отыз жылдан кейін қайта жаңғыртылуы. Енді мемлекеттік марапаттар қатары тағы екі жаңа наградамен толығып отыр.
«Мемлекеттік деңгейдегі бағалау жүйесі де кезең-кезеңімен жаңарып келеді. «Халық әртісі» құрметті атағы отыз жылдан кейін қайта жаңғыртылды. Енді бұл тізім «Шәмші Қалдаяқов» медалі және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағымен толықты.
Шәмші Қалдаяқов атындағы медаль ұлттық музыканы, композиторлық пен орындаушылық өнерді дамытуға елеулі үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегіне берілетін жоғары баға болмақ. Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы ұлттық бейнелеу өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан суретшілердің, графиктердің, мүсіншілердің және басқа да бейнелеу өнері өкілдерінің еңбегін мемлекеттік деңгейде лайықты бағалауға мүмкіндік береді», – деді Аида Балаева.
«Бұл – баршамыз үшін үлкен оқиға»
Балаеваның айтуынша, жаңа марапаттар мәдениет саласында ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан мамандардың еңбегін бағалап қана қоймай, өнер саласына келген жаңа буынға да серпін бермек.
«Жаңа марапаттар – Президенттің мәдениет саласына деген айрықша назарын және өнер адамдарына жан-жақты қолдауын тағы бір дәлелдей түсетіндей. Бұл әріптестеріміздің көп жылғы шығармашылық еңбегінің лайықты бағасы болып, мәдениет саласының жаңа буынына тың серпін берері сөзсіз.
Құрметті әріптестер! Барша мәдениет саласы өкілдері атынан Мемлекет басшысына тағы да зор алғысымды білдіремін. Бұл – баршамыз үшін шын мәнінде үлкен оқиға. Мәдениет пен өнер адам жанын емдейді, рухани байытады, өмірді сүюге, жақсылық пен ізгілікке жетелейді. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының мәдениетті дамытуға ерекше басымдық беріп отырғаны біз үшін зор қуаныш», – деді министр.
Еске салайық, бұған дейін «Шәмші Қалдаяқов» медалі мемлекеттік наградалар тізіміне енгізілгені туралы жаздық.