16 тамызға арналған ауа райы болжамы жарияланды

Синоптиктердің хабарлауынша, еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды

16 тамызға арналған ауа райы болжамы жарияланды
Фото: © istockphoto.com

«Қазгидромет» РМК 2026 жылдың 16 тамызына арналған ауа райының жалпы болжамын жариялады. Синоптиктердің хабарлауынша, еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Солтүстік өңірлерде толассыз жаңбыр жауса, солтүстік пен шығыста бұршақ жаууы мүмкін. Ал солтүстік, шығыс және оңтүстік өңірлерде дауылды жел соғады деп күтілуде. Ел бойынша жел күшейіп, оңтүстік облыстарда күндіз шаңды дауыл көтеріледі. Батыс, солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерде түнде және таңертең тұман түседі.

Еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыстық сақталады. Алматы облысының солтүстігі мен Жетісу облысының солтүстігі және шығысында ауа температурасы +41…+42°C-қа дейін көтерілсе, Түркістан облысында +40°C-қа жетеді. Жамбыл облысында +38…+40°C, ал Шығыс Қазақстан, Абай, Алматы, Жетісу облыстарында және Қарағанды облысының оңтүстігінде ауа температурасы +35…+39°C аралығында болады.

Еліміздің бірқатар өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Жоғары өрт қаупі Қостанай, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстарының жекелеген аудандарында күтіледі. Ал төтенше өрт қаупі Атырау, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жетісу және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Маңғыстау, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай және Алматы облыстарының бірқатар аумағында сақталады.