«Тегіміз қайда, тәрбие қайда?»: Жанарбек Әшімжан қоғамдық мәдениеттің құлдырауына алаңдаушылық білдірді

Ол өзінің Facebook парақшасында ел ішіндегі қоғамдық мәдениет, тәлім-тәрбие мен адамгершілік қарым-қатынастардың әлсіреп бара жатқаны туралы жазба жариялады

«Тегіміз қайда, тәрбие қайда?»: Жанарбек Әшімжан қоғамдық мәдениеттің құлдырауына алаңдаушылық білдірді
Фото: parlam.kz

Ақын, публицист, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан өзінің Facebook парақшасында ел ішіндегі қоғамдық мәдениет, тәлім-тәрбие мен адамгершілік қарым-қатынастардың әлсіреп бара жатқаны туралы жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, еліміздің өңірлерін саяси науқанмен аралау барысында тұрғындар тарапынан әлеуметтік мәселелерден бөлек, дәл осы мәдениет пен кісілікке қатысты сауалдар жиі қойылған.

Жанарбек Әшімжан Жаңаөзен, Қызылорда, Қонаев қалалары мен Алматыдағы Ғылым академиясында өткен жиындарда әртүрлі сала өкілдері қоғамдағы тәрбие мәселесін жан-жақты көтергенін атап өтті.

Депутаттың пікірінше, бүгінгі қоғамда қоғамдық орындардағы мәдениетсіздік, жастар арасындағы дөрекілік және екіжүзділік сияқты жағымсыз көріністер жиілеп кеткен. Оның айтуынша, көшеде жанжалдасып, қоғамдық көлікте бір-бірін балағаттайтындар көбейген. Сондай-ақ жастар арасында айналаға құрметсіздік танытып, әлеуметтік желілерде анайы қылық көрсететіндер де бар. Депутат адамгершілік пен ішкі тәрбиенің төмендеп бара жатқанына қарамастан, сырттай өркениет пен мәдениет туралы жоғары пікір айтуды екіжүзділік деп бағалады.

«Бұл қалай болғаны? Сонда тегіміз қайда, тектілігіміз қайда? Тәрбие қайда? Дәстүр қайда? Сыйластық қайда? Ең бастысы, адамгершілік қайда?Сөйте жүріп, өркениет, мәдениет туралы асқақ ойларды айтудан жалықпаймыз… Шын мәнінде, өркениет те, мәдениет те тектен, ділден басталмай ма», – деп жазды ол.

Мәжіліс депутаты бұл мәселенің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың деңгейіне дейін жеткенін және президенттің осыған қатысты бірнеше рет дабыл қаққанын еске салды.

Оның айтуынша, озық әрі заманауи ел болудың негізі күнделікті өмірдегі қарапайым әдеттерден басталады. Атап айтқанда, дұрыс амандасу, айналадағы адамдарға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау, көрінген жерге түкірмеу және темекі тұқылын лақтырмау маңызды. Сондай-ақ әркім өзгенің ала жібін аттамай, қоғамдық орындарда және жұмыс орнында өзін әдепті әрі мәдениетті ұстауы қажет.

Жазба соңында Жанарбек Әшімжан әрбір азаматты өз бойынан жақсы әдет қалыптастыруға шақырды:

 «Әр ісіміз, жасаған әр амалымыз, әр қадамымыз – қоғамдық мәдениетті көтеруге қосқан үлесіміз. Өзімізден басталған жақсы әдет айналамызға да, бала-шағамызға да оң әсер етеді. Соны ұмытпайық»