Қазақстанның 8 облысында жарық неге өшті: төрт елді қамтыған ауқымды апаттың себебі белгілі болды

Ауқымды ақауға Қырғызстандағы Тоқтоғұл ГЭС-інде екі гидрогенератордың ажыратылуы себеп болған

Қазақстанның 8 облысында жарық неге өшті: төрт елді қамтыған ауқымды апаттың себебі белгілі болды
Фото: © istockphoto.com

14 тамызда болған ауқымды блэкаут Қазақстанның сегіз облысын, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанды қамтыды. Жаппай ақауға Қырғызстандағы Тоқтоғұл ГЭС-інде екі гидрогенератордың ажыратылуы себеп болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

KEGOC таратқан мәліметке сәйкес, 14 тамыз күні сағат 14:37-де Тоқтоғұл ГЭС-індегі екі гидрогенератордың ажыратылуы Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік транзитінің шамадан тыс жүктелуіне әкелді. Соның салдарынан Оңтүстік аймақ Қазақстанның БЭЭЖ-інен және Орталық Азияның Біріккен энергетикалық жүйесіне кіретін Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның энергия жүйелерінен бөлініп қалды.

Қазақстанда Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарындағы тұтынушылар электр қуатынсыз қалды. Бұдан бөлек, Қазақстан БЭЭЖ-інің Солтүстік аймағындағы Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарында да электр энергиясы өшті.

Қырғызстанда Орталық Азияның Біріккен энергетикалық жүйесінен бөлінгеннен кейін елдің энергия жүйесі уақытша оқшауланған жұмыс режиміне көшкенін хабарлады. Жабдықтарды қорғау үшін автоматика іске қосылған. Энергетиктер жүйені тұрақтандырды. Ресми ақпарат жарияланған сәтте елде электр қуатынсыз қалған абоненттер болмаған, электрмен жабдықтау үздіксіз жүргізілген.

Өзбекстанда көрші елдің энергия жүйесіндегі апат Орталық Азияның энергетикалық жүйесіне әсер еткенін мәлімдеді. Соның салдарынан Сурхандария және елдің кейбір басқа облыстарында электр қуатында үзілістер болды. Энергетиктер электрмен жабдықтауды кезең-кезеңімен қалпына келтіруге кірісті.

Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрлігі жедел шаралар қабылданғаннан кейін елдің энергетикалық жүйесіндегі ақаулар толық жойылғанын хабарлады. Энергия жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, тұтынушыларды электрмен жабдықтау толығымен қалпына келтірілді.

Қазақстанда сағат 14:47-де KEGOC Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарындағы тұтынушыларды электрмен жабдықтауды толық қалпына келтірді. Сағат 16:26-да Алматы және Жетісу облыстарының, ал 16:34-те Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының тұтынушыларына электр қуаты қайта берілді.

Технологиялық ақаудың себептерін арнайы комиссия тексереді.

Еске салайық, 14 тамызда Алматы қаласы мен Алматы облысында электр қуаты жаппай өшкен болатын.