Алматы мен бірқатар өңірде жаппай жарық өшті: Энергетика министрлігі себебін түсіндірді

Орталық Азия энергия жүйесі тарапынан электр энергиясы ағынының күрт өзгеруі себеп болды

Алматы мен бірқатар өңірде жаппай жарық өшті: Энергетика министрлігі себебін түсіндірді
Фото: istockphoto.com

14 тамызда Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде технологиялық бұзылу орын алып, салдарынан еліміздің бірнеше өңіріндегі тұтынушылардың бір бөлігі жарықсыз қалды. Электрмен жабдықтауды шектеу көлемі алдын ала шамамен 2810 МВт-ты құрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, апатқа Орталық Азияның Біріккен энергия жүйесі тарапынан электр энергиясы ағынының күрт өзгеруі себеп болған. Салдарынан аварияға қарсы автоматика іске қосылып, тұтынушылардың бір бөлігі ажыратылды.

«KEGOC» АҚ ақпараты бойынша, технологиялық бұзылу сағат 14:37-де болған. 500 кВ «Ағадыр – Үлкен» Л-5300 және Л-5320, сондай-ақ «Ақтоғай – Талдықорған» Л-5400 электр жеткізу желілері ажыратылды.

Салдарынан Қазақстан Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағы мен Орталық Азияның Біріккен энергия жүйесі оқшауланған жұмысқа көшті.

«Алдын ала жедел мәліметтер бойынша, технологиялық бұзылуға Орталық Азия БЭЖ тарапынан қуаттың күрт артуы себеп болған», - деп хабарлады KEGOC.

Қазақстанның энергия жүйесіндегі іркіліске байланысты тұтынушыларды электрмен жабдықтауды шектеу көлемі шамамен 2810 МВт-қа жетті.

Жүйелік оператор дереу қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Сағат 14:47-ге қарай Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарында 295 МВт көлеміндегі шектеулер алынып тасталды.

Қазіргі уақытта KEGOC электрмен жабдықтауды қалпына келтіруді жалғастыруда. Энергетика министрлігі жағдай ведомствоның бақылауында екенін, ал қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы қосымша ақпарат кейінірек берілетінін хабарлады.

Бұған дейін Алматы қаласы мен Алматы облысында жаппай жарық өшкені хабарланған болатын.