24,2 млн гектар алқап: Қазақстанда биыл егін жинау науқаны ерте басталды

Шаруалар қазірдің өзінде 3,2 млн тонна астық бастырып үлгерді

24,2 млн гектар алқап: Қазақстанда биыл егін жинау науқаны ерте басталды
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда биыл егін жинау науқаны ертерек басталып, алғашқы көрсеткіштер былтырғыдан жоғары болып отыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Биыл елімізде 24,2 млн гектар алқаптан өнім жинау жоспарланған. Оның 15,6 млн гектары дәнді және бұршақты дақылдарға тиесілі. Қазірдің өзінде дәнді дақылдар 1,9 млн гектардан жиналды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Орташа өнімділік гектарына 16,4 центнерге жетті. Былтыр осы уақытта бұл көрсеткіш 14,8 центнер болған.

Шаруалар қазірдің өзінде 3,2 млн тонна астық бастырып үлгерді. Сонымен қатар 214 мың тонна картоп, 628,6 мың тонна көкөніс және 506,9 мың тонна бақша дақылы жиналды.

Үкімет отырысында вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин биылғы өнімділікке агротехнологияларды дұрыс сақтаудың әсері бар екенін атап өтті.

«Агротехнология талаптарын сақтау өз нәтижесін беріп жатыр. Биылғы қуаңшылыққа қарамастан, орақ науқанының басында орташа өнімділік гектарына 16,4 центнер болды. Бұған дейін бұл көрсеткіш орта есеппен 11-12 центнер шамасында еді», – деді Серік Жұманғарин.

Мамандар биылғы аптап ыстықтың әсерінен дақылдар ертерек пісіп, егін жинау жұмыстарының да мерзімінен бұрын басталғанын айтады. Жаппай орақ науқаны тамыздың үшінші онкүндігінде басталады деп жоспарланып отыр. Қазір ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы 97 пайызға жеткен.

Жиында шаруаларды дизель отынымен және тыңайтқышпен қамтамасыз ету, астық сақтайтын қоймалардың сыйымдылығын босату мәселелері де қаралды.