Министрлік студенттерді баспана мәселесін өз бетінше шешпеуге шақырды

Жаңа оқу жылында студенттерге жатақхана мен уақытша баспана мәселесін шешуге көмектесетін ахуалдық және дағдарыс орталықтары жұмыс істейді

Министрлік студенттерді баспана мәселесін өз бетінше шешпеуге шақырды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Жаңа оқу жылы қарсаңында Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттерге жатақханаға орналасу тәртібі, қолжетімді қолдау шаралары және баспана мәселесі туындаған жағдайда көрсетілетін көмек туралы еске салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Студенттерді орналастыру тәртібі туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан айтып берді.

Оның сөзінше, бүгінде Қазақстанда студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, орын тапшылығын азайту және білім алушыларға қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмалары аясында елімізде 72 125 орынға арналған 281 жатақхана пайдалануға берілді. Оның ішінде 51 323 орындық 182 жатақхана жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған.

Жатақханадағы орындар бірінші кезекте әлеуметтік осал санаттағы студенттерге беріледі. Олардың қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер, мүгедектігі бар студенттер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар, ауыл жастары, «Серпін» жобасының қатысушылары, қандастар және басқа да әлеуметтік осал санаттағы білім алушылар бар.

Жаңа оқу жылында студенттерді жатақханаға орналастыруға қатысты мәселелерді жедел шешу үшін министрлік ахуалдық және дағдарыс орталықтарын ашты.

Ахуалдық орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің, ал дағдарыс орталығы Тынышпаев университетінің базасында жұмыс істейді.

«Ахуалдық орталық студенттерге жатақханалардағы бос орындар туралы ақпарат береді, ал дағдарыс орталығы төтенше жағдайлар туындаған кезде уақытша баспанамен қамтамасыз етуге көмектеседі», – деді Ақерке Абылайхан.

Сонымен қатар студенттердің мәселелерін жедел қарау үшін әр өңірде студенттік омбудсмендер тағайындалған.

2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап жатақханада тұратын жетім балаларға, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға 29 АЕК-ке дейін, яғни 100 050 теңгеге дейін өтемақы қарастырылған.

Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттерді қандай да бір мәселе немесе қиындық туындаған жағдайда оны өз бетінше шешуге тырыспай, ресми байланыс арналары арқылы көмек сұрауға шақырды.

«Министрлік өкілдері, жоғары оқу орындарының әкімшіліктері және студенттік омбудсмендер білім алушылармен тұрақты байланыста және туындаған мәселелерді шешуге қажетті қолдау көрсетуге дайын», – деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары.

Студенттер жатақханадағы бос орындар туралы ақпарат алу үшін ахуалдық орталыққа, төтенше жағдай кезінде уақытша баспана мәселесі бойынша дағдарыс орталығына, сондай-ақ өз жоғары оқу орнының әкімшілігі мен өңірлердегі студенттік омбудсмендерге жүгіне алады.