ЖСДП кандидаттары Бұланды ауданы тұрғындарымен әлеуметтік мәселелерді талқылады

Кездесуде зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау мәселесі де назардан тыс қалмады

ЖСДП кандидаттары Бұланды ауданы тұрғындарымен әлеуметтік мәселелерді талқылады
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының  Құрылтай депутаттығына кандидаттары Бұланды ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Макинск қаласының аудандық кітапханасында өткен кездесуге қоғам өкілдері, жастар, еңбек ұжымдарының мүшелері және аудан тұрғындары қатысты. Жүздесу барысында аудандық және ауылдық жолдардың жағдайы, ауыз су мен коммуналдық инфрақұрылым, медициналық қызметтің қолжетімділігі, жұмыспен қамту және әлеуметтік нысандардың жайы сөз болды.

Тұрғындар елді мекендердегі медициналық мамандардың тапшылығы мен мамандандырылған медициналық көмекке қолжетімділік мәселесін көтерді. Сонымен қатар жастарды жұмыспен қамту, жас мамандарды қолдау, ауыл кәсіпкерлігін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде ұсыныстар айтылды.

Бұдан бөлек, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу, жас отбасыларды баспанамен қамту, жастардың бос уақытын ұйымдастыру және ауылдардағы интернет сапасына қатысты сұрақтар қойылды. Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау мәселесі де назардан тыс қалмады.

Кездесуге ЖСДП атынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ілияс Жанғали мен Ару Алшынбай қатысты.

«Мұндай кездесулер тұрғындардың нақты қандай мәселелерге алаңдайтынын түсінуге мүмкіндік береді. Әсіресе ауылдық жерлердегі инфрақұрылым, медицина, жұмыс орындары мен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігіне қатысты айтылған ұсыныстарды жүйелеу маңызды», – деді Ілияс Жанғали.

Кездесу соңында тұрғындар көтерген сұрақтар мен ұсыныстарды жүйелеп, тиісті бағыттар бойынша одан әрі қарау жоспарланған.