Ақтөбеде той кортежіндегі қауіпті әрекеттер желідегі видео арқылы анықталды
Видеодан жолаушылардың көлік терезесінен сыртқа шығып отырғанын көруге болады
Әлеуметтік желілерде Ақтөбе облысында той кортежіне қатысушылардың қауіпті әрекет жасағаны түсірілген видео пайда болды. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған кадрлар желідегі мониторинг барысында полиция қызметкерлерінің назарына ілікті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жарияланған видеодан жолаушылардың көлік терезесінен сыртқа шығып отырғанын көруге болады. Ал жүргізушілер ұялы телефондарына алаңдап, қауіпсіздік белдігін тақпаған.
Полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жолаушылардың жеке басын анықтады. Құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кортеждегі көліктердің бірі арнайы тұраққа қойылды.
Полиция департаменті тойдың адам өміріне қауіп төндіруіне себеп емес екенін еске салды. Әлеуметтік желіге әсерлі кадр түсіремін деп жарысу қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қауіпсіздік белдігін тағуға және жолаушылардың қызбалы әрекетіне ермеуге шақырды.
Бұған дейін Ақтөбеде екі күн ішінде 200-ден астам жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін бұзғаны туралы жазған болатынбыз.