Алакөлде 4 адамды құтқарып қалған полицей арнайы марапатпен марапатталды

Полиция қызметкері «Үздік жас батыр» атанды

Алакөлде 4 адамды құтқарып қалған полицей арнайы марапатпен марапатталды
Фото: Жетісу облысы ПД

Талдықорғанда Алакөлде төрт адамның құтқарған полиция майоры Жақсылық Сәрсенов «Үздік жас батыр» атанды. Ол Жетісу облысы әкімінің жыл сайынғы «Көшбасшы – 2026» жастар сыйлығының лауреаты атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыс әкімінің атынан марапатты облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов табыстап, полиция қызметкерінің батылдығы мен жауапкершілігін атап өтті.

Бұл марапаттың берілуіне Жақсылық Сәрсеновтің 15 маусымда Алакөлде төрт адамның өмірін құтқаруы себеп болды. Сол күні көлде қатты жел тұрып, толқын күшейген. Жағадан алысқа кеткен демалушылардың өміріне қауіп төнген сәтте полиция майоры ойланбастан көмекке барып, оларды қауіпсіз жерге шығарған.

Алайда полиция қызметкері бұл әрекетін ерлік деп бағаламайды.

«Менің басты міндетім – халыққа қызмет ету және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – дейді Жақсылық Сәрсенов.

Оның бұл ұстанымы марапаттың мәнін де айқындай түседі. Қауіп төнген сәтте адам өмірін бірінші орынға қою – қызметтік міндет қана емес, үлкен жауапкершіліктің көрінісі.