Астанада жаттығу кезінде баланың үстіне футбол қақпасы құлап кетті

Оқиға 10 тамыз күні болған

Астанада жаттығу кезінде баланың үстіне футбол қақпасы құлап кетті
Фото: istockphoto.com

Астанада жаттығу кезінде баланың үстіне футбол қақпасы құлап, ол ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап.

Оқиға 10 тамыз күні болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жаттығу барысында қақпа баланың үстіне құлаған. Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Оқиға болған футбол алаңын Қазақстан футбол федерациясы жеке футбол мектебіне жалға берген. Жаттығуды осы мектеп ұйымдастырған.

«Қазіргі уақытта Қазақстан футбол федерациясы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, нысан мен жабдықтардың техникалық жағдайына ішкі тексеру жүргізіп жатыр. Сондай-ақ федерация қажетті барлық ақпаратты ұсынып, оқиғаның себептерін анықтау барысында құзырлы органдарға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, осыған дейін Астанада доп теуіп жүрген ер адамның үстіне футбол қақпасы құлап, мерт болғаны хабарланған.