Полиция қызметкерлерін тепкілеген: Атырауда үш адамның жазасы күшейтілді
Полиция қызметкерін жаралаған үш азаматқа шыққан үкім өзгертілді
Бас прокуратураның наразылығынан кейін Атырау облысында полиция қызметкерлеріне күш көрсеткен үш азаматқа қатысты жаза күшейтілді. Бұған дейін оларға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалса, кассациялық сот әрқайсысын 3 жыл 6 айдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу мәліметінше, Мақат ауданында мас күйінде бір топ ер адам қоңырау шалған жерге келген полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен. Оқыс оқиға кезінде қаскөйлер билік өкілдерін тепкілеп, сонымен қатар қару ретінде ағаш таяқ пен тасты пайдаланған. Нәтижесінде полиция қызметкерлерінің бірі орташа ауырлықтағы дене жарақатын алды.
Кассациялық басқарма бас прокурор орынбасарының наразылығын қарай келе, бас бостандығын шектеу түріндегі тағайындалған жаза әділ емес және жасалған қылмыстың ауырлығына сәйкес келмейді деген қорытындыға келді.
«Кассациялық сот сотталғандардың әрекеттері қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған және полиция қызметкерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде денсаулығына зиян келтіргендіктен жоғары қоғамдық қауіп төндіретінін көрсетті. Осыған байланысты сот актілері өзгертілді. Б. және А. әрқайсысына 4 жыл бас бостандығынан айыру, ал Ж. 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру тағайындалды. Сотталғандар сот залында күзетпен қамауға алынды», – делінген прокуратура хабарламасында.