Астанада автобус ішінде кәмпитке қақалып қалған бүлдіршінді полицей құтқарып қалды (ВИДЕО)
Оқиға қалалық маршруттық автобуста болған
Астанада полиция қызметкері қоғамдық көлік ішінде кәмпитке қақалып қалған балаға алғашқы көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға қалалық маршруттық автобуста болған. Жолда келе жатқан кезде балалар арбасында отырған сәби кенеттен кәмпитке қақалып, тыныс ала алмай қалған.
Жолаушылардың бірі жағдайды байқап, дереу көмекке ұмтылды. Ол баланы қолына алып, еңкейтіп, тыныс жолын ашуға бағытталған алғашқы көмек тәсілдерін қолданды. Көп ұзамай сәбидің тыныс алуы қалпына келді.
«Баланың өміріне қауіп төнген сәтте кәсіби дағдысы мен алғашқы көмек көрсету тәжірибесін дұрыс қолданған азамат – Астана қаласы ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Әлішер Жарқымбеков. ЖҚАЖ жауынгерінің бұл әрекеті қызметтік міндеттен тыс уақытта да адам өміріне жауапкершілікпен қараудың нақты үлгісі болды», – делінген хабарламада.