«Байтақ» үміткері өнеркәсіп және денсаулық сақтау қызметкерлерімен кездесті
Алғашқы кездесу құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорында өтті
«Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай сайлауына кандидат Сәуле Қамытбекова Астанадағы Center Concrete темір-бетон бұйымдары зауыты мен Integrate Clinic медициналық орталығының ұжымымен жүздесті. Шара үгіт-насихат жұмысы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алғашқы кездесу құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорында өтті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, құрылыс саласына энергия үнемдейтін технологиялар енгізу, экологиялық қауіпсіз материал пайдалану және отандық өндірісті қолдау мәселесі талқыланды.
Кандидаттың айтуынша, сапалы әрі экологиялық талапқа сай өндірілген құрылыс материалы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ құрылыс қарқынын сақтап, қоршаған ортаға зияны аз технологияны қолданудың маңызы айтылды.
Бұдан соң Сәуле Қамытбекова Integrate Clinic медициналық орталығына барды. Мұнда да партияның экологиялық платформасы жайлы айтылды. Қоршаған ортаның адам денсаулығына әсері, экологиялық қауіпсіздікті күшейту және профилактикалық бағыттағы бастамалар жайы талқыланды.
Медицина қызметкерлері де ұсыныс-пікірін ортаға салды. Дәрігерлерді алаңдатқан түйткілдер қатарында жас мамандарды қолдау, қолжетімді және жалдамалы тұрғын үй, біліктілікті арттыру мүмкіндігін жетілдіру сынды мәселелер болды.