Жол үстінде «шоу» жасаған: Ақтөбеде жүргізуші 14 айыппұл арқалап, көлігінен айырылды (ВИДЕО)

Оның көлігі айыптұраққа қойылды

Жол үстінде «шоу» жасаған: Ақтөбеде жүргізуші 14 айыппұл арқалап, көлігінен айырылды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Ақтөбе қаласында жол үстінде «шоу» жасаған жүргізуші көлігінен айырылды. Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері жас жігіттің көлік жүргізу кезінде өрескел жол ережелерін бұзған бейнежазбасын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, Ақтөбе қаласындағы басты даңғылдардың бірінде жүргізуші жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіре отырып, жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзған. Оның үстіне өз әрекетін бейнекамераға түсіріп, кейін әлеуметтік желілерде жариялаған.

Құқық бұзушының жеке басы анықталып, жас жігіт полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін оған қатысты 14 әкімшілік хаттама толтырылды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.

«Полиция ескертеді: жол – экстремалды контент түсіретін, қаралым үшін жарысатын немесе әлеуметтік желідегі оқырмандарға өзінің «батылдығын» дәлелдейтін орын емес. Кез келген заң бұзушылық заңнамаға сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Тәртіп сақшылары барлық азаматты жол ережесін сақтауға шақырады», – делінген ПД хабарламасында