Қырғызстанда бір күнде үш жер сілкінісі болды

Зардап шеккендер немесе қираған нысандар туралы ақпарат түскен жоқ

Қырғызстанда бір күнде үш жер сілкінісі болды
Фото: istockphoto.com

Қырғызстанда 9 тамыз күні үш жер сілкінісі тіркелді. Олардың ең күштісінің магнитудасы 3,5 балға жетті. Бұл туралы Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының Сейсмология институты хабарлайды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Алғашқы жер сілкінісі сағат 09:33-те болды. Оның ошағы Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасында, Кочубаево ауылынан солтүстік-батысқа қарай 7 шақырым жерде орналасқан. Жерасты дүмпулерінің күші шамамен 3 балды құрады. Кочубаево ауылының өзінде 2 балдық дүмпулер сезілді.

Екінші жер сілкінісі сағат 18:33-те тіркелді. Оның күші 3,5 балға жетті. Эпицентрі Баткеннен оңтүстік-шығысқа қарай 126 шақырым жерде, Жар-Баши ауылының маңында орналасқан. Сейсмологтардың мәліметінше, жақын маңдағы Чак, Күлчү және Шибээ ауылдарында шамамен 2,5 балдық дүмпулер сезілген.

Үшінші жер сілкінісі сағат 21:42-де болды. Оның ошағы Ош қаласынан 135 шақырым жердегі Нұра ауылының маңында орналасқан. Жерасты дүмпулерінің күші 3 балды құрады.

Зардап шеккендер немесе қираған нысандар туралы ақпарат түскен жоқ.