Елордада медицина қызметкерлеріне ыстық тамақ үлестірілді
Қалада үш күнде 8100 ыстық тамақ тарату жоспарланған
Нұр-Сұлтан қаласында 31 шілде мен 2 тамыз аралығында медицина қызметкерлеріне 8100 ыстық тамақ тарату жоспарланған, деп хабарлайды Azattyq Rýhyтілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Тегін тамақпен күн сайын 2700-ден астам қызметкер жұмыс істейтін 12 стационар қамтылады.
«Іс-шара кезінде қатысушылар мен еріктілер қажетті қорғаныс құралдарымен (маска, қолғап, антисептиктер) қамтамасыз етіліп, қашықтық пен карантин тәртібін сақтау туралы нұсқаулармен танысады. Құрбан айт мерекесіне орай біз, Нұр-Сұлтан қаласының еріктілері ақ халатты абзал жандарға ыстық тамақ таратудамыз. Акция 31 шілдеден бастап 2 тамызға дейін жалғасады. Акция аясында Нұр-Сұлтан қаласының 12 стационарына ыстық тамақ таратылады», – деді Нұр-Сұлтан қаласының «Астана жастары» КММ маманы, волонтер Бақтияр Есентаев.
Тамақтың сапасын мамандар қадағалап жатыр.
«Бүгін Құрбан айт мерекесі қарсаңында медицина қызметкерлеріне тегін тамақ ұйымдастырылып жатыр. Осыған орай басқарма Ұлттық сараптама орталығымен бірге тамақтың сапасына зерттеу жүргізді. Барлығы санитария нормаларына сай келеді. Сондай-ақ, алдын ала келіп санитария нормаларының сақталуына тексеріс жүргізілді», – деді қалалық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Дамира Нұран.