Астанада бойжеткенге шабуыл жасаған ер адамға қатысты іс қайта қозғалды

Осыған дейін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған 27 жастағы ер адамның әрекеті енді қылмыстық баппен қайта қаралуда

Астанада бойжеткенге шабуыл жасаған ер адамға қатысты іс қайта қозғалды
Фото: © istockphoto.com

Астанадағы Президент саябағында бойжеткенге шабуыл жасап, бұған дейін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған 27 жастағы ер адамның әрекеті енді қылмыстық баппен қайта қаралуда. Бұл туралы зардап шеккен қыздың анасы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бойжеткен таңертең саябақ арқылы жұмысына бара жатқанда, артынан белгісіз ер адам келіп шабуыл жасаған. Сондай-ақ бойжеткеннің денесіне зақым келтіріп, жарақат қалдырған. Қыз қарсылық білдіріп, айқайлап жүріп қашып шыққан. Туыстары дереу полицияға арызданып, күдікті тез арада ұсталды.

Бастапқыда сот бұл оқиғаны ұсақ бұзақылық деп танып, 30 шілдеде ер адамға 10 тәулік әкімшілік қамау жазасын кескен болатын. Алайда, жәбірленушінің отбасы бұл шешіммен келіспей, Бас прокуратура мен ІІМ-ге шағым түсірді.

«Бізді естіді! Қоғамдық резонанс пен Бас прокуратураға жазған шағымымыздың арқасында әділдік орнады. Қазір қызыма жасалған шабуыл ресми түрде қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қаралып, тергеу толық қарқынмен жүріп жатыр», — деп жазды бойжеткеннің анасы.