Қазақстан азаматтығын алуға үміткерлер 22 тамызда тест тапсыра алады

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, 10–20 тамыз аралығында Қазақстан азаматтығын алуға үміткер азаматтардан арнайы тестілеуге өтініш қабылдау жүргізіледі

Қазақстан азаматтығын алуға үміткерлер 22 тамызда тест тапсыра алады
Фото: © istockphoto.com

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, 10–20 тамыз аралығында Қазақстан азаматтығын алуға үміткер азаматтардан арнайы тестілеуге өтініш қабылдау жүргізіледі. Өтініштер ведомствоның ресми сайты немесе UTO қосымшасы арқылы қабылданады, ал негізгі емтихан 22 тамызда өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Емтихан үш негізгі блоктан тұрады. Оның ішінде қазақ тілінен 30 тапсырма беріліп, өту үшін кемінде 15 балл жинау қажет. Қазақстан Конституциясының негіздері бойынша 40 тапсырма қарастырылған, мұнда өту балы – 20. Ал Қазақстан тарихы пәнінен 30 тапсырма беріледі, одан өту үшін кемінде 15 балл жинау керек.

Конституция мен тарих пәндері бойынша тестіні қазақ немесе орыс тілдерінде тапсыруға болады. Жалпы жоғары балл — 100, ал емтиханнан сәтті өту үшін кемінде 50 балл жинау қажет.

Емтиханға қатысушыларға 2 сағат 10 минут уақыт беріледі. Ал мүгедектігі бар тұлғалар үшін қосымша 30 минут қарастырылған. Емтиханға қатысу құны – 14 693 теңге.

Дайындық үшін Ұлттық тестілеу орталығының сайтындағы «Азаматтыққа үміткерлерге» бөліміне жүгінуге болады. Сонымен қатар app.testcenter.kz сайтында 3 355 теңгеге ақылы байқау тестілеуінен өту мүмкіндігі бар.