Маңғыстау облысындағы мұнай кен орнында өрт шықты
Оқиға «Meerbusch» ЖШС-не қарасты «Мұнай тапсыру пункті» нысанында болған
Маңғыстау облысының Экология департаменті Құлжан мұнай кен орнында болған өрттің егжей-тегжейін түсіндірді. Оқиға 2026 жылғы 7 тамызда «Meerbusch» ЖШС-не қарасты «Мұнай тапсыру пункті» нысанында болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департаменттің мәліметінше, оқиға көлемі 2000 м³ болатын №2 РВС резервуарының түпкі шөгінділерін ішкі тазалау жұмыстарын жүргізу кезінде болған. Өрт ЦА-320 цементтеу агрегатында шыққан. Оқиға кезінде №2 РВС резервуары бос болған және оның ішінде мұнай болмаған. Өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ. Өрт сағат 19:20-да оқшауланып, сағат 20:00-де толықтай сөндірілген.
Қазіргі уақытта нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алдын ала мәліметтер бойынша, айтарлықтай материалдық шығын анықталған жоқ. Оқиға туралы белгіленген тәртіппен Маңғыстау облыстық ТЖД мен Мемлекеттік еңбек инспекциясы құлағдар етілді.
«Өрттің түпкілікті себебі, ықтимал материалдық шығын көлемі және орын алған оқиғаға құқықтық баға беру нысанды тексеру және тиісті іс-шараларды жүргізу нәтижелері бойынша айқындалатын болады. Нысан аумағынан және технологиялық жабдықтардан тыс жерлерге мұнайдың төгілуіне жол берілген жоқ», — деп толықтырды ведомстводан.