Павлодарда ойын алаңында қысылып қалған 8 жасар бала құтқарылды
Оқиға Лермонтов көшесінде орналасқан аулалардың бірінде болған
Павлодар қаласында балалар алаңында ойнап жүріп, элементтер арасында қысылып қалған 8 жастағы бала аман-есен босатылды. Оқиға Лермонтов көшесінде орналасқан аулалардың бірінде болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін 112 қызметіне дабыл белгісі түскен бойда Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел-құтқару жасағының мамандары оқиға орнына шұғыл жетті. Құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен балалар алаңындағы қысылып қалған конструкциядан баланы босатып алды.
Оқиға салдарынан бүлдіршін зардап шекпеген және оған медициналық көмек қажет болмаған. Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналарға балаларды ойын алаңдарында қараусыз қалдырмауды және қауіпсіздік ережелерін үнемі ескертіп отыруды сұрайды.