ШұғылҚазақстанда тағы 517 адамнан коронавирус анықталды

Әдебиеттанушы-ғалым Шериаздан Елеукенов қайтыс болды

Ол 90-нан асқан шағында көз жұмды

Фото: ашық дереккөзден

Көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Шериаздан Рүстемұлы Елеукенов тоқсаннан асқан шағында көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі

Ол 1929 жылы 3 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы Аршалы ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеті орыс журналистика бөлімін үздік дипломмен бітірген. 

1951–1959 жылы Шығыс Қазақстан облысы «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1959–1963 жылдары ҚазМУ-дың журналистика факультетінде аға оқытушы, 1967–1971 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК-нің аппаратында нұсқаушы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1971–1986 жылдары Қазақ Баспа істері жөніндегі Мемлекеттік комитетінің төрағасы, 1986-1988 жылдары Әдебиет және өнер институтының директоры, 1988–1996 жылы осы институттағы орыс әдебиеті бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1997 жылдан аталған институтта бас ғылыми қызметкер және ҚазҰУ-дың журналистика факультеті Кітаптану кафедрасында профессор болды. 

Ғылыми еңбектері қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы мәселелеріне арналған. «Қазақ романы және қазіргі дәуір» (1968), «Замандас парасаты» (1977), «Фольклордан роман-эпопеяға дейін» (1987), «Мағжан» (1995, Қазақстан Мемл.сыйл., 1998), «Әдебиет және ұлт тағдыры» (1997), т.б. зерттеу кітаптары жарық көрген. «Мағжан» монографиясы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Көркем публицистикасы үшін оған Қазақстан Журналистер одағының Смағұл Сәдуақасов атындағы сыйлығы берілген. 

«Құрмет Белгісі» орденімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Құрмет Грамоталарымен марапатталған. Баспа және полиграфия ісінің қайраткері. Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиянты. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.

Сұхбат