Есіл өзенін тазарту жұмыстары күшейтілді

Елорда тұрғындарының арыз-шағымынан кейін Астана әкімдігі Есіл өзенін тазарту жұмыстарын бастады

Есіл өзенін тазарту жұмыстары күшейтілді
Фото: © istockphoto.com

Елорда тұрғындарының арыз-шағымынан кейін Астана әкімдігі Есіл өзенін тазарту және экологиялық сауықтыру жұмыстарын күшейтті. Ауа райының аномальды ыстығы мен су деңгейінің төмендеуі салдарынан судың ластануы көпжылдық көрсеткіштерден асып түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мамандардың айтуынша, судың сапасына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Ауа райының ыстық болуы мен судың баяу ағуы цианобактериялардың (көк-жасыл балдырлардың) шамадан тыс көбеюіне қолайлы жағдай қалыптастырған. Сонымен қатар суда органикалық ластану белгілері байқалып, азот пен фосфор қосылыстарының мөлшері артқан. Бұдан бөлек, Сарыбұлақ және Ақбұлақ бұлақтары арқылы өзенге заңсыз сарқынды сулардың төгілу ықтималдығы да жоққа шығарылмайды.

Бұған дейін желіде «Тұлпар» көпірінің маңындағы жасыл судың фото-видеосы тарап, қалалық Қоршаған ортаны қорғау басқармасы мен Экология департаменті арнайы сынамалар алған болатын.

Судың ағысы баяу, тоқтаулы бөліктерінде химикаттардың орнына хлорелла жасыл микробалдырының супензиясы қолданылады. Бұл әдіс химиялық заттарды қолдануға қауіпсіз әрі табиғи балама болып саналады. Хлорелла азот пен фосфорды белсенді түрде сіңіріп, көк-жасыл балдырлардың шамадан тыс көбеюін тежейді. Сонымен қатар фотосинтез процесі арқылы суды оттегімен байытып, балықтардың тіршілігіне қолайлы жағдай қалыптастырады. Сондай-ақ хлорелла табиғи биологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге ықпал етіп, судың өздігінен тазару процесін жеделдетеді.

Экологтар хлорелланың әсері біртіндеп байқалатынын, алғашқы нәтиже суспензия құйылғаннан кейін бірнеше аптадан соң білінетінін айтады.