Шымкентте Respublica сайлауалды штабының еңбек ұжымдарымен кездесулері басталды

Алғашқы кездесу «MDS Doors» ЖШС ұжымында өтті

Шымкентте Respublica сайлауалды штабының еңбек ұжымдарымен кездесулері басталды
Фото: Respublica

Тараптар салық жүктемесі, отандық өндірушілерді қолдау және қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелер жөнінде ашық пікір алмасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айтуар Қошмамбетов әрбір еңбек адамына тікелей қатысты мәселені көтерді.

«Егер қызметкердің қолына 200 мың теңге жалақы тисе, жұмыс беруші оның үстіне тағы 80 мың теңгеге жуық түрлі міндетті аударым төлейді. Яғни еңбекке түсетін жүктеме 40 пайызға дейін жетеді. Бұл – тым көп. Сондықтан біз осы жүктемені азайту жөнінде бастама көтеріп отырмыз. Сонымен қатар отандық тауар өндірушілерді қолдау туралы заң қабылданды, арнайы тізілім енгізілді. Ендігі міндет – осы заң аясындағы жеңілдіктердің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету», – деді ол.

Жалынбек Жайнарбай кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне тоқталды.

« Мемлекет бай болуы үшін ең алдымен кәсіпкердің жағдайы жақсаруы керек. Осыдан он жыл бұрын ешкім қазақтың ұлттық тағамдары әлемдік нарыққа шығады деп ойлаған жоқ. Ал бүгінде бұл ақиқат. Біз салықтан жалтаруды үйрететін жалған коучтарға қарсымыз. Еңбек адамына құрмет көрсету – біздің басты қағидатымыз», – деді ол.

Нейрохирург Айдос Досқалиев медицина мен саясаттың ортақ жауапкершілігіне назар аударды.

«Дәрігер әрбір шешімді адам өмірін сақтап қалу үшін саралап қабылдайды. Партия да дәл солай – халықтың тағдырына әсер ететін шешімдерді үлкен жауапкершілікпен қабылдайды. Бүгінде қазақстандық дәрігерлер білім алу үшін шетелге бармайды, керісінше тәжірибе алмасуға біздің елге келетіндер көбейді», – деді ол.

Еркебұлан Ахметов микронесиелер мәселесіне тоқталды.

«Былтырға дейін микронесиелердің сыйақы мөлшерлемесі 300 пайызға дейін жететін. Бүгінде оны 46 пайыздан асырмауға қол жеткіздік. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алуларда кәсіпкерлерді қолдау тетіктері күшейтілді. Ал партиямыздың депутаты Олжас Күспеков әскери бөлімдерді аралап, сарбаздардың мәселесін көтерді. Соның нәтижесінде әскери қызмет өткерген жастарға ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантпен түсу мүмкіндігі берілді», – деді ол.