Respublica Шымкентте ірі форум өткізді

Спикерлер соңғы үш жылда партия көтерген және жүзеге асқан бастамаларға тоқталды

Respublica Шымкентте ірі форум өткізді
Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Respublica партиясының Республикалық сайлауалды штабы Шымкент қаласында кәсіпкерлердің, өндіріс өкілдерінің, жастардың, қоғам белсенділерінің және партия жақтастарының қатысуымен ауқымды сайлауалды форум өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елдегі кәсіпкерлік рухының символына айналған Шымкентте өткен жиын өңірдің даму әлеуеті мен өндірістік қуатын жаңа деңгейге көтеруге арналған ашық диалог алаңына айналды. Еңбек пен кәсіпті қатар дәріптеген шаһарда форумға қатысушылар ел экономикасының келешегі нақты өндірістен, батыл бастамадан және еңбек адамына жасалған қолдаудан басталатынын айтты.

Форумда партияның тең төрағалары, Құрылтай депутаттығына кандидаттар мен республикалық штаб мүшелері сөз сөйлеп, Respublica-ның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтарды таныстырды. Атап айтқанда, отандық өндірушілерді қорғау, кәсіпкерлерге түсетін жүктемені азайту, жаңа жұмыс орындарын құру, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, сапалы білім мен қолжетімді медицинаны қамтамасыз ету мәселелері кеңінен қозғалды.

Спикерлер соңғы үш жылда партия көтерген және жүзеге асқан бастамаларға тоқталып, вейптерге толық тыйым салу, әскери қызметін өтеген жастарға ҰБТ тапсырмай мемлекеттік грантқа түсу мүмкіндігі, құмар ойындарды жарнамалауға шектеу енгізу, студенттік жатақханалар салу және отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытындағы заңнамалық өзгерістер туралы айтты.

Форум барысында Шымкенттің ел экономикасындағы орны ерекше екені атап өтілді. Бүгінде қала кәсіпкерлік белсенділігі, өндірістік әлеуеті және еңбекқор тұрғындарымен ерекшеленеді. Сондықтан дәл осы өңірде өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және инвестиция тарту мәселелері ерекше маңызға ие.