Қазақстандықтардың саяси партияларға қоятын ТОП-3 талабы қандай: зерттеу нәтижесі жарияланды
Құрылтай депутаттарының өтіп жатқан сайлауы аясында үлкен қызығушылық тудырғаны жайлы көрсеткіштер бар
Еуразиялық интеграция институты әлеуметтік зерттеулер департаментінің жетекшісі Гүлден Емішева Қазақстанда халықтың саяси және электоралдық процестерге қатысу деңгейі тұрақты түрде өсіп келе жатқанын айтты. Бұл туралы Еуразиялық гуманитарлық институттың Әлеуметтанулық зерттеулер департаменті өткізген әлеуметтік сауалнама қорытындысында белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Зерттеуге Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар қалаларынан 18 жастан асқан 4 000 респондент қатысқан. Сауалнама іріктемесі елдегі халықтың демографиялық құрамына сай репрезентативті болып саналады және статистикалық қателік шегі 1,54%-дан аспайды», - деді Емішева.
Сауалнама нәтижесі бойынша:
- Сұралғандардың 78,2%-ы сайлаулар мен референдумдарға тұрақты түрде қатысатынын білдірген.
- Соңғы жылдардағы динамика сайлаушылардың өскенін көрсетеді: 2023 жылғы парламенттік сайлауға 53,4%, 2024 жылғы референдумға 63,4%, ал 2026 жылғы референдумға 75,3% азамат қатысқан.
«Жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдумға қатысқандардың негізгі мотивтері: 71%-ы бұны өзінің азаматтық борышы деп санаса, 59,7%-ы жүргізіліп жатқан саяси реформаларды маңызды деп бағалаған. Азаматтардың 31,4%-ы дауыс беруді өзінің конституциялық құқығы деп санайды, ал 18%-ы – сайлау жасына жаңадан толғандар. Сонымен бірге, тұрғындардың 68%-ы бірпалаталы Құрылтайдың құрылуы мен жаңа Конституцияның қабылдануын оң өзгерістермен байланыстырып, одан үлкен үміт күтетінін жеткізген», - деді ол.
Емішева атағандай, азаматтардың сайлау процестері туралы ақпаратты қайдан алатыны бойынша үздік жетілік анықталды.
«Бірінші орында дәстүрлі телевидение тұр – 51,3%. Одан кейінгі орындарда Instagram (49,5%), жаңалықтар интернет-порталдары (32,5%), отбасы және туыстармен араласу (27,4%), TikTok (23,8%), жұмыс орны (22,5%) және достармен араласу (21,7%) орналасқан», - деді ол.
Сондай-ақ сауалнама барысында азаматтардың саяси партияларға қоятын басты талаптары да белгілі болды:
- 44% респондент партиялар ең алдымен елдің экономикалық өсуіне ықпал етуі тиіс деп есептейді.
- 33,2%-ы әлеуметтік әл-ауқат пен теңдікті қамтамасыз етуді талап етеді.
- 32,4%-ы партиялардан болашақтың айқын пайымын көргісі келеді.
«Зерттеуді ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл мәліметтер қазіргі сайлау алдындағы бәсекеге қатысып жатқан саяси партияларға өз агитациялық стратегиялары мен халықпен байланыс арналарын тиімдірек етуге көмектеседі», - деді ол.