«Ауыл» партиясының кандидаттары апта бойы өңірлерде бірқатар кездесу өткізді

Жұртшылықпен кездесулер әлі де жалғасын таппақ

«Ауыл» партиясының кандидаттары апта бойы өңірлерде бірқатар кездесу өткізді
Фото: «Ауыл» партиясының әлеуметтік желісінен

«Ауыл» партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаттары осы аптада еліміздің бірқатар өңірінде еңбек ұжымдары, ауыл тұрғындары және қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесті. Кездесулерде агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, өндіріс орындарын қолдау, ветеринария, су шаруашылығы және жұмыспен қамту мәселелері талқыланды,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Апта ішінде партия өкілдері Батыс Қазақстан облысында ұлттық мәдени орталықтармен, Қостанай облысындағы Мәскеу ауылдық округінің тұрғындарымен, Қызылорда облысының Қазалы ауданында сайлаушылармен, Ақтоғай ауданындағы Шабанбай би ауылының тұрғындарымен, Ақтөбедегі FIBC Kazakhstan кәсіпорнының ұжымымен, Атыраудағы бекіре балығын өсіру зауытының қызметкерлерімен, Солтүстік Қазақстандағы құс фабрикасы мен ветеринария саласының мамандарымен, сондай-ақ «Есіл Су» филиалының еңбек ұжымымен пікір алмасты.

Сонымен қатар партияның республикалық сайлауалды штабында ТМД Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушылар делегациясымен кездесу өтті. Ал Жетісу облысының Бесқайнар ауылында тұрғындардың қатысуымен «Ауыл кеші көңілді» фестивалі, Қызылордада бұқаралық велошеру ұйымдастырылды.