Бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау ашық талқылауға ұсынылды
Оқу-ағарту министрінің бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған
Қазақстанда 2-4-сынып оқушылары үшін бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) алып тастау ұсынылды. Бұл туралы оқу-ағарту министрінің бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 21 тамызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құжатқа сәйкес, енді 2-4-сынып оқушыларының оқу жетістіктері қалыптастырушы бағалау, тақырыптық және қорытынды бақылау арқылы бағаланады. Бұл жұмыстардың нәтижесі тоқсандық баға қою кезінде ескеріледі.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың білімі диктант, мазмұндама, бақылау, практикалық және шығармашылық жұмыстар арқылы тексерілетінін хабарлаған. Ал 5-11 (12)-сыныптарда қолданыстағы бағалау жүйесі өзгермейді. Бұл сыныптарда БЖБ мен ТЖБ сақталады. Ал 1-сынып оқушыларына бұрынғыдай баға қойылмайды.
Министрлік бұл бастама ата-аналар мен педагогтердің ұсыныстары негізінде әзірленгенін мәлімдеді. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп жүргізілген талдау нәтижесінде БЖБ мен ТЖБ бастауыш сынып оқушыларының оқу жетістігін толық көрсете алмайтыны әрі оларға қосымша оқу және психологиялық жүктеме түсіретіні анықталған.