«Әділет» партиясы үш өңірде сайлауалды бағдарламасының басымдықтарын таныстырды

Алматыда медицина саласының өкілдерімен денсаулық сақтау мәселелері талқыланса, Астанада 4 мыңнан астам IT маманы цифрлық бастамаларды талқылады. Ал Түркістан облысында партия өкілдері Сауран ауданының шалғай ауылдарын аралады

«Әділет» партиясы үш өңірде сайлауалды бағдарламасының басымдықтарын таныстырды
Фото: партияның баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының өкілдері Алматы, Астана және Түркістан облысында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып, түрлі саланың өкілдерімен және ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесулер барысында денсаулық сақтау, цифрландыру, ауылдарды дамыту, жұмыспен қамту және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматыда медицина саласының басым бағыттары талқыланды

«Әділет» партиясы Алматы қалалық сайлауалды штабының өкілдері С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен, қызметкерлерімен, сондай-ақ Алмалы ауданындағы денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерімен кездесті.

Ашық диалогтың негізгі тақырыбы отандық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медицина қызметкерлерін қолдау және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған бастамалар болды.

Кездесуді С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Едігеұлы Шоранов ашып, жүргізді.

«Әділет» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, қалалық сайлауалды штабтың жетекшісі Станислав Владимирович Канкуров партияның денсаулық сақтау саласындағы сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырып, бұл бағыт халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған Мемлекет басшысының стратегиялық бағытымен үндес екенін атап өтті.

«Президентіміз мемлекет дәрігерлерді құқықтық тұрғыдан қорғаумен қатар, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беруі тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Сондықтан денсаулық сақтау мәселелері "Әділет" партиясының сайлауалды бағдарламасында ерекше орын алады. Біз ауруды емдеумен ғана шектелмей, оның алдын алу, ерте диагностикалау және әрбір азаматқа сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ететін жүйені қалыптастыруды ұсынамыз», – деді Станислав Канкуров.

Оның айтуынша, партия инвазивті емес диагностика орталықтарының желісін құруды, халықтың кемінде 90 пайызын электрондық денсаулық паспорттарымен қамтуды, тоғыз перинаталдық орталықтың құрылысын аяқтауды, республикалық клиникалар мен ғылыми орталықтарды кешенді жаңғыртуды және оңалту орталықтарының желісін кеңейтуді ұсынады.

Сондай-ақ ауылдық жерлерге баратын жас дәрігерлерді лайықты еңбекақымен, қызметтік тұрғын үймен және толық әлеуметтік қолдау пакетімен қамтамасыз ету көзделген. Бағдарламада кардиологиялық қызметті ерте диагностикаға, амбулаториялық бақылауға және кардиологиялық оңалтуға бағыттап дамытуға да ерекше назар аударылған.

Кездесуде Құрылтай депутаттығына кандидат, С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің бірінші проректоры Диляра Қайдарова сөз сөйлеп, медициналық білім беру жүйесін дамыту, жоғары білікті кадрлар даярлау, заманауи технологияларды енгізу және медициналық көмектің сапасын арттыру бағытындағы басымдықтарға тоқталды.

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау жүйесі ардагерлері кеңесінің төрағасы, денсаулық сақтау саласының ардагері Қадыр Омаров та сөз сөйлеп, партияның сайлауалды бағдарламасын қолдайтынын жеткізді.

Ол осы университетке осыдан 60 жыл бұрын студент болып қабылданғанын, сол кезеңде елде бір ғана партия болғандықтан азаматтардың таңдау мүмкіндігі болмағанын еске алды. Бүгінде Қазақстан демократиялық мемлекет ретінде дамып келе жатқанын, саяси партиялардың өз бағдарламаларын халыққа таныстыруға мүмкіндігі бар екенін және әр азаматтың саналы таңдау жасай алатынын атап өтті.

Кездесу соңында ашық пікір алмасу өтті. Медицина қызметкерлері денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді.

Астанада 4 мыңнан астам IT маманы цифрлық бастамаларды талқылады

«Әділет» партиясының Есіл аудандық сайлауалды штабы «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлерімен «Цифрлық шешімдер уақыты» атты сарапшылық кездесу өткізді.

Іс-шараға «Әділет» партиясының Астана қалалық сайлауалды штабының төрағасы Ерлан Қаналимов, Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттығына кандидат Кендебай Адамбек, сондай-ақ «ЭҚО» АҚ және «Қазақстан ГАЖ орталығы» АҚ тәуелсіз директоры Ботагөз Қасабек қатысты.

Кездесуді ашқан Ерлан Қаналимов цифрлық экономиканы дамыту партияның стратегиялық басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде 193 мемлекеттің ішінде 24-орында тұр. Мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы онлайн форматта қолжетімді. «Әділет» партиясы цифрлық экономиканы дамытуды стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде айқындады. Сайлауалды бағдарлама аясында жыл сайын 1000 жас түлекті цифрлық мамандықтар бойынша тегін оқыту және 3000 түлекті «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмыспен қамту көзделген», – деді Ерлан Қаналимов

Кездесу барысында цифрлық трансформация, ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және мемлекеттік әрі телекоммуникациялық қызметтердің сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ партияның цифрландыру, заманауи технологияларды енгізу және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған бастамалары таныстырылды.

Іс-шара аралас форматта өтті. Оған офлайн режимде 300-ге жуық адам жиналса, бейнеконференция арқылы еліміздің барлық өңірінен 4 мыңнан астам IT саласының өкілі қосылды.

Кездесу барысында қатысушылар спикерлерге сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Түркістан облысында партия өкілдері шалғай ауылдарға барды

«Әділет» партиясының Түркістан облыстық сайлауалды штабы өңірдің аудан-қалаларындағы жұмысын жалғастыруда. Құрылтай депутаттығына кандидаттар мен облыстық штаб мүшелері Сауран ауданының шалғай ауылдарына барып, тұрғындармен кездесті.

Алдымен Жібек Жолы ауылдық округінің Сауран ауылында басталған кездесу Шорнақ ауылында жалғасты. Содан соң бейресми әрі еркін форматтағы үгіт-насихат жұмыстары Ораңғай ауылында қорытындыланды.

Оған Құрылтай депутаттығына кандидаттар Нұрлан Толыбаев пен Мамырхан Юлдашев, облыстық сайлауалды штаб мүшелері және ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесуді ашқан партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Толыбаев ауданның тарихи маңызына тоқталып, өңірдің ежелден сауда мен мәдениеттің, еңбек пен бірліктің ордасы болғанын атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің жоғары заң шығарушы органы жаңа форматқа көшіп, енді Құрылтай деп аталатынын айтып, алдағы 23 тамыздағы сайлаудың ел болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін жеткізді.

Өз сөзінде кандидат партияның басты мақсаты халықтың күнделікті өміріне әсер ететін мәселелерді шешу екенін атап өтті. «Әділет» партиясы үшін цифрландыруды жан-жақты прогрестің басты құралы екенін жеткізді.

Облыстық мәслихаттың төрағасы, облыстық сайлауалды штаб мүшесі Нұралы Әбішов еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.

Оның айтуынша, Қазақстанның ішкі жалпы өнімі өсіп, жан басына шаққандағы табыс көрші мемлекеттермен салыстырғанда жоғары деңгейге жеткен. Алты айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы инвестиция тарту мен жаңа жұмыс орындарын құруда республикада көш бастап келеді.

Аудандар арасында Сауран ауданының бірінші орында тұрғанын атап өткен ол әрбір азаматтың дауысы мемлекет дамуына ықпал ететін маңызды таңдау екенін айтты.

«Қазіргі уақытта билікке жас буын келіп жатыр. Кәсіпкерлік те қарқынды дамып келеді. Ауыл тұрғындары жұмыс іздеп қалаға қатынайды, енді өз ауылында да табыс табатын мүмкіндікке ие болуы тиіс. Біз елдімекендерде отбасылық кәсіпкерлікті, қызмет көрсету саласын, жылыжай шаруашылығын, қолөнерді, ауыл туризмін дамытуға барлық мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімді болуын қолдаймыз, – деді ол.

Партияның сайлауалды бағдарламасына ауылдарды дамытуға арналған нақты жоспарлар енген. Әсіресе отандық өнімдер мен шаруаларды қолдауды мақсат етеді.

Құрылтай депутаттығына кандидат Мамирхан Юлдашев шаруалар өнім өндірсе, оны тиімді өткізе алуы керек екенін айтты.

«Ауыл тұрғындары да қала тұрғындарымен бірдей тұрғын үй бағдарламаларына қол жеткізеді. Мемлекеттік қолдау ең алдымен ауыл-аймақтарда жаңа үйлер салып, тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Ауыл кластерлері жүйесін қалыптастыра береміз», – деді кандидат.

Сонымен қатар кандидат партия бағдарламасында білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін айтып, сапалы әлеуметтік қызметтер әрбір азамат үшін қолжетімді болуы тиіс екенін жеткізді.

Облыстық сайлауалды штаб мүшесі Қалыйма Жантөреева партияның мақсаты халықтың сеніміне ие болатын, азаматқа қызмет ететін мемлекет құру екенін айтып, әрбір қабылданған шешім елдің дамуына, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және болашақ ұрпақтың мүмкіндігін кеңейтуге бағытталуы тиіс деп пайымдады.

Сонымен қатар ол саяси ұйымның алға қойған мақсаттары мен міндеттерін таныстырды.

Ал азаматтық қоғам белсендісі Мөлдір Нұрман бағдарламаның нақты экономикалық көрсеткіштерге негізделгенін айтып, ішкі жалпы өнімнің өсуі жаңа мектептердің, спорт нысандарының, жолдардың салынуына, ауылдарды дамытуға, жеңілдетілген несиелер мен тұрғын үй бағдарламаларын кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесудің негізгі бөлігі тұрғындардың пікіріне арналды. Ауыл азаматтары елді мекендегі инфрақұрылымды жетілдіру, соның ішінде ауыл көшелеріне асфальт төсеу, бағаналарды жаңарту, сондай-ақ спорт алаңын салу, жастарды тұрақты жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын қолдау, жол сапасы мен әлеуметтік нысандардың жай-күйіне қатысты өз ұсыныстарын айтты.

Партия өкілдері көтерілген әрбір мәселе назарға алынатынын және олар сайлауалды бағдарламаны іске асыру барысында басшылыққа алынатынын жеткізді.

Жиын соңында сөз алған ауыл ақсақалдары «Әділет» партиясының елдің тұрақты дамуына және әділетті қоғам қалыптастыру жолындағы бастамаларына қолдау білдірді. Штаб өкілдеріне ақ батасын беріп, алдағы саяси науқанға сәттілік тіледі.