«Байтақ» партиясы ТМД келген байқаушылармен кездесті

Baytaq жасылдар партиясына Құрылтай сайлауын бақылауға келген ТМД Парламентаралық ассамблеясының халықаралық байқаушылары келді

«Байтақ» партиясы ТМД келген байқаушылармен кездесті
Фото: «Байтақ» партиясының баспасөз қызметі

Демократияны дамыту мониторингі институты директорының орынбасары Евгения Еременко мен сараптама бөлімінің бастығы Роман Амбурцевді партияның орталық кеңсесінде бақылау комитетінің төрағасы Мұрат Ташибаев күтіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуде тараптар үгіт-насихат науқанының өту барысы, халықаралық бақылаудың маңызы, сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Мұрат Ташибаев партияның сайлауалды жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатқанын баяндап, Орталық сайлау комиссиясымен де өзара байланыс оң жолған қойылған деді.

Халықаралық байқаушыларға партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтар таныстырылды. Атап айтқанда, өнеркәсіптік ластануды азайту, баламалы энергетиканы дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану және «жасыл» технологияларды енгізу бағытындағы бастамалар сөз болды.

Партияның бастамасымен қазіргі таңда ауқымды республикалық шара өтіп жатқаны айтылды. «Арал – Астана» экологиялық керуенінің басы қасында төраға Азаматхан Әміртаевтың өзі жүр. Елдің алты өңірі мен екі ірі қаласын қамтитын акция 12 тамызда мәресіне жетеді.

«Халықаралық байқаушылардың қатысуы сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бұл – демократиялық институттарды нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі», - деді Мұрат Ташибаев кездесуде.

Партия өкілдері ТМД Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық миссиясына алғыс білдіріп, оның объективті бағасы еліміздегі демократиялық үдерістердің одан әрі дамуына оң ықпал ететініне сенім білдірді.