«Ауыл» партиясы су инфрақұрылымын жаңғырту мен коммуналдық саланы дамыту мәселесін көтерді

Кездесу барысында сала қызметкерлері коммуналдық инфрақұрылымның қазіргі жай-күйі, су жүйелерін жаңғырту және көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға қатысты пікірлерін ортаға салды

«Ауыл» партиясы су инфрақұрылымын жаңғырту мен коммуналдық саланы дамыту мәселесін көтерді
Фото: «Ауыл» партиясының баспасөз қызметі

«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов пен Құрылтай депутаттығына кандидаттар «Есіл Су» филиалының ұжымымен инженерлік инфрақұрылымды дамыту және сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс-шара барысында су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыз сумен қамту жүйелерін жетілдіру, инженерлік желілердің тозуын азайту, коммуналдық кәсіпорындарды қолдау және су шаруашылығы саласындағы кадрлық әлеуетті нығайту мәселелеріне назар аударылды. Сондай-ақ сала қызметкерлері коммуналдық инфрақұрылымның қазіргі жай-күйі, су жүйелерін жаңғырту және көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға қатысты пікірлерін ортаға салды.

«Су – еліміздің стратегиялық ресурсы. Мемлекеттік саясат жаңа нысандар салумен ғана шектелмеуі тиіс. Ол су шығынын азайтуға, инженерлік желілерді жаңғыртуға және суды ұқыпты пайдалануға бағытталуы қажет», – деді «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов.

Кездесу соңында қатысушылар сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру және саланың өзекті мәселелерін шешу жөнінде пікір алмасты.