Магистратура мен докторантураға құжат қабылдау мерзімі ұзартылды
2020 жылы магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу компьютерлік форматта өтетін болды
Карантиндік режимнің ұзартылуына байланысты магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу 3 тамызда емес, 17 тамызда басталады. Сондай-ақ, докторантураға түсушілер құжаттарын 10 тамызға дейін тапсыра алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Ұлттық тестілеу орталығының сайтында оқуға түсушілердің жеке кабинеттеріне кешенді тестілеуді өткізу күні, уақыты және орны көрсетілген жаңа рұқсаттамалар жіберіледі. Кешенді тестілеудің қорытындысы бойынша куәлік тестіленушінің жеке кабинеті арқылы да электрондық нысанда берілетін болады.
Сондай-ақ, министрлік кешенді тест өткізу ережелеріне қандай өзгерістер енгізілгенін хабарлады.
2020 жылы магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу (КТ) алғаш рет 18 өңірлік тестілеу орталығының базасында әрбір тестіленуші үшін дербес компьютерді пайдалану арқылы компьютерлік форматта өтетін болады. Әр компьютер бейнекамерамен қамтамасыз етіледі. Осылайша, КТ өткізуді бақылау жөніндегі комиссия Академиялық адалдық қағидаттарының сақталуын қадағалай алады.
КТ қатысушылары санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес дезинфекцияның барлық кезеңдерінен өтеді, санитарлық қауіпсіздік шаралары сақталады. Тест тапсырушыларды отырғызу кезінде олардың арасында кемінде екі метр қашықтық сақталады.
Хабарламада айтылғандай, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті аймақтық тестілеу орталықтарының дайындығын бағалады.
«Әр қатысушы үшін тестілеу дербес басталады, яғни тестіленуші легтің толтырылуын күтпейді. КТ барысында тестіленушілер сұрақтарды өткізіп жібере алады, келесісіне ауысып, алдыңғы сұрақтарға қайта орала алады және жауап нұсқаларын өзгерте алады. КТ аяқталғаннан кейін тестіленушілер жауаптарды дұрыс жауаптар хаттамасымен салыстыра алады. Сонымен қатар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минуттың ішінде магистратураға түсуші үміткерлер апелляцияға бере алады», – делінген БҒМ хабарламасында.
Тест тапсырмаларының саны мен тестілеуді өткізу уақытына келетін болсақ, мұнда өзгерістер жоқ: 3 сағат 55 минутта 130 тест тапсырмасына жауап беру қажет.
Үміткер тыйым салынған заттарды қолданса немесе тестілеуді жалған тұлға арқылы тапсыруға тырысса, кешенді тестілеуден шеттетіледі.
Биыл шамамен, 38 000 адам магистратураға түсуге ниет білдірді. 2019 жылы тілек білдірушілер саны 30 579 адамды құраған.
Докторантураға түсу үшін құжаттарды тапсыру мерзімі
Сондай-ақ, карантиндік режимнің ұзартылуына байланысты докторантураға құжаттарды қабылдау 10 тамызға дейін жүзеге асырылады. Қабылдау емтихандарын жоғары оқу орындары 17-22 тамыз аралығында өткізеді. Докторантураға қабылдау 28 тамызда аяқталады. PhD мамандарын даярлауға арналған мемлекеттік гранттардың саны 1 815 құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, COVID-19 пандемиясы жағдайында дәстүрлі форматта ағылшын тілін білуге арналған IELTS халықаралық тестін тапсыру мүмкін еместігіне байланысты, ҚР БҒМ ЖОО түлектеріне магистратура мен докторантураға түсу үшін Duolingo English Test және IELTS INDICATOR тапсыруға рұқсат берген.