ІІМ: Қазақстанда рақымшылықпен 1 300-ден астам адам бостандыққа шықты

Автор: Асыл Арман

Заң күшіне енген алғашқы күннен бастап барлық аумақтық бөлімшелерде жүйелі жұмыс ұйымдастырылды

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық аясында 1 344 адам жазасын өтеуден босатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ мәліметінше, заң күшіне енген алғашқы күннен бастап барлық аумақтық бөлімшелерде жүйелі жұмыс ұйымдастырылды.

«Біз күн сайын материалдардың уақытылы дайындалуын, олардың соттарға жолдануын және қабылданған сот шешімдерінің орындалуын бақылауда ұстаймыз. Бүгінгі таңда соттарға 10 мыңнан астам ұсыныс жолданды. Оның ішінде 4400-ге жуығы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерімен, ал 6900-ден астамы пробация қызметтерімен дайындалған», – деді ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаев.

Қазіргі таңда соттар мыңнан астам материалды қарап шықты. Нәтижесінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 620 адам босатылды. Босатылғаннан кейін олар әкімшілік қадағалауда болады. Пробация қызметінің есебінде тұрған 724 азамат та жазасын өтеуден босатылды. Сонымен қатар 730-дан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.

«Айта кету керек, қылмыстық рақымшылық автоматты түрде қолданылмайды. Әрбір сотталған бойынша материалдар жеке қаралып, түпкілікті шешімді тек сот қабылдайды», – деді спикер.