Павел Дуров Telegram-ның App Store-дан уақытша өшірілуіне қатысты пікір білдірді
Apple компаниясына Telegram-дағы ашық чаттардың бірінде заңсыз порнографиялық контент бар деген шағым түскен
Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров қосымшаның App Store дүкенінен уақытша өшірілуіне қатысты пікір білдіріп, бұған тыйым салынған контентті пайдалану арқылы жасалған алаяқтық схема себеп болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дуровтың айтуынша, Apple компаниясына Telegram-дағы ашық чаттардың бірінде заңсыз порнографиялық контент бар деген шағым түскен. Алайда кәсіпкердің айтуынша, бұл материалды бұрын жіберілген хабарламаны өңдеу мүмкіндігін пайдаланған алаяқ жариялаған.
«Қаскөй техникалық айлаға жүгінді. Ол белсенді топтық чаттағы ескі хабарламаны өңдеу арқылы жасанды интеллект көмегімен дайындалған заңсыз контентті енгізді. Соның салдарынан бұл материал топ қатысушыларынан іс жүзінде жасырын қалып, олар оны көре алмады әрі құқық бұзушылық туралы дер кезінде хабарлай алмады», – деп жазды Павел Дуров.
Оның айтуынша, мұндай тәсіл қауымдастық иелерін бопсалау үшін қолданылады. Алаяқтар автоматтандырылған аккаунттар арқылы тыйым салынған контент жариялап, кейін Apple компаниясына шағым түсіру арқылы топтарды немесе қосымшаның өзін бұғаттатуға әрекет етеді.
Дуров сондай-ақ Telegram App Store-дан өшірілер алдында Apple өкілдері мән-жайды анықтау үшін мессенджер командасымен байланысқа шықпағанын айтты. Оның пікірінше, мұндай жағдай қосымшалар дүкенінде жарияланған кез келген сервистің басынан өтуі мүмкін.