ШҚО-да әсерлі видео түсірмек болған жүргізуші мен жолаушы жауапқа тартылды

Әсерлі бейне түсіремін деп жауапкершілікке ілінді

ШҚО-да әсерлі видео түсірмек болған жүргізуші мен жолаушы жауапқа тартылды
Фото: Видеодан скрин

Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік желіге жарияланған қауіпті видеоға байланысты жүргізуші мен жолаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлік қозғалысы кезінде жолаушының салоннан сыртқа шығып отырғаны анықталып, екеуіне де жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін хаттама толтырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Видеода көлік қозғалысы кезінде жолаушының қауіпсіздік талаптарын елемей, өзінің және басқа да жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіріп, салонан сыртында болғаны бейнеленген. Тексеру барысында полицейлер оқиғаға қатысушыларды жедел түрде анықтап, оларды жауапкершілікке тартты.

«Chevrolet Cobalt автокөлігінің 27 жастағы жүргізушісі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 593-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жолаушы көлік қозғалысы кезінде қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 615-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген ПД хабарламасында.

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті еске салады: Жол жүргізу қағидаларын сақтау — әрбір жол қозғалысына қатысушының міндеті. Әсерлі кадр жасауға деген құмарлық қауіпті әрекеттердің себебі болмауы тиіс, өйткені тіпті бір ғана асығыс әрекет қайғылы зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін.