«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз»: Тоқаевтың 30 жылдан астам уақыттағы ой-толғамдары жинақ болып басылды

Президенттің таңдаулы сөздері енген кітап мемлекеттік кітапханаларға таратылады

«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз»: Тоқаевтың 30 жылдан астам уақыттағы ой-толғамдары жинақ болып басылды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Мемлекет басшысының Қазақстанды Әділетті, Қауіпсіз және Өркендеген елге айналдыруды көздеген ұлы мұратының сөзбен көмкерілген жинағы жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» деген атпен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың таңдаулы сөздерінің жинағы жарық көрді. Жинақ болғанда, бұл – мемлекет басшысының Қазақстанды Әділетті, Қауіпсіз және Өркендеген елге айналдыруды көздеген ұлы мұратының сөзбен көмкерілген жиынтық бейнесі. Яғни, саналы ғұмырын мемлекет ісіне арнаған тұлғаның соңғы 30 жылдан аса уақыт ішінде көңілге түйгені, ойға тамызық болған ұстанымдары мен құндылықтары.

Ерекше айта кетерлігі, жинақ құрастыру барысында күрделі және өтпелі кезеңде мемлекетке басшы болатын тұлғаның ел болашағы, ұлт сапасы жайлы пікір-көзқарасы бұдан ондаған жылдар бұрын қалыптасқан. Одан соң өмірлік және кәсіби тәжірибе негізінде жүйеленіп, бүгінде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына айналып отыр. Кітапта түрлі тақырыптар аясында топтастырылған, әр жылдары айтылған сөздері жарық көрген.

Кітап материалдары 21 тақырыптық бөлімге топтастырылған. Негізгі бағыттардың қатарында заң үстемдігі, қоғамдық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару, білім беру және жастар, цифрландыру, ұлттық бірегейлік, экологиялық мәдениет және «Таза Қазақстан» бастамасы бар.

Басылым мемлекеттік қызметшілерге, оқытушыларға, студенттерге, жас мамандарға, зерттеушілерге және Қазақстанның қазіргі тарихы мен дамуына қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған.

Жақын уақытта кітап қоғамдық кітапханалардың, жоғары оқу орындарының, колледждердің, саяси партиялардың және жастар ресурстық орталықтарының қорына таратылады.