Талғар шатқалында тас құлап, бір адам ауыр жарақат алды

Турист ауыр жағдайда эвакуацияланды

Талғар шатқалында тас құлап, бір адам ауыр жарақат алды
Фото: ҚР ТЖМ

Алматы облысының тауларында тас құлап, салдарынан туристердің бірі зардап шекті. Құтқарушылар көмекке жетіп, жаралы адамды эвакуациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Талғар шатқалында (биіктігі 2 970 метр) Алматы қаласы әкімдігінің Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының және «Барыс» Республикалық құтқару қызметінің құтқарушылары жорық кезінде үстіне тас құлап, зардап шеккен туристі қиын жағдайда эвакуациялады.

Хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына екі бақылау-құтқару бекетінің құтқарушылары шұғыл аттанды. Олар келген кезде зардап шегушіні анықтап, алғашқы медициналық көмек көрсетті және оның жағдайын ауыр деп бағалады.

«Құтқарушылар зардап шегушіні күрделі таулы жер бедері арқылы Кіші Талғар асуына қарай тасымалдауды бастады. Жолда оларға Алматы қаласы альпинизм федерациясының еріктілері қосылды. Бірлескен күш-жігердің арқасында эвакуация жұмысы «Шымбұлақ» тау курортына дейін жалғастырылды», – делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.

Зардап шеккен адам ары қарай қалалық клиникалық ауруханаға жатқызу үшін Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырылды.