Respublica партиясының басшылығы халықаралық байқаушылармен кездесті
Олар сайлау қағидаттары жайлы ақпарат берген
Respublica партиясы төрағасының орынбасары – Орталық аппараттың басшысы Жанат Искаков ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Демократияны дамыту мониторингінің халықаралық институты мен ТМД байқаушылар миссиясының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу барысында Жанат Искаков партия қызметінің негізгі бағыттары, жастармен, партия жақтастарымен және кадр резервінің мүшелерімен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Сондай-ақ Respublica-ның негізгі жобалары – POLITIQ саяси көшбасшылық мектебі, кадр резерві және «Шешімдер фабрикасы» жобалары таныстырылды.
Халықаралық миссия өкілдерін партиялық тізімді қалыптастыру тәртібі, кандидаттарды іріктеу өлшемшарттары, сондай-ақ цифрлық кеңістіктегі үгіт-насихат жұмысының ерекшеліктері ерекше қызықтырды.
Өз кезегінде халықаралық байқаушылар сайлауды байқау жөніндегі қызметінің қағидаттары, міндеттері мен жұмыс әдіснамасы туралы ақпарат берді. Кездесу қорытындысында тараптар сайлау процесін халықаралық деңгейде байқау аясындағы ашық кәсіби диалог пен сындарлы өзара іс-қимылдың маңызын атап өтті.