Астана, Алматы, Қосшы: Қазақстанның үш қаласында жүргізушісіз жүретін көліктер қатынайды
Қазақстанда жүргізушісіз көліктерді сынақтан өткізуге арналған пилоттық жоба іске қосылады
Қазақстанда жүргізушісіз автокөліктерді сынақтан өткізуге арналған үш жылдық пилоттық жоба ресми түрде іске қосылады. Тиісті қағидалар үш министрліктің бірлескен бұйрығымен бекітіліп, көліктерді пайдалану шарттарын, қауіпсіздік талаптарын және мемлекеттік бақылау тәртібін айқындайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстанда шартты және жоғары деңгейдегі автоматтандырылған басқару жүйесі бар автокөліктерді енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары бекітілді. Бірлескен бұйрыққа Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Көлік министрлігі және Ішкі істер министрлігі қол қойды.
Пилоттық жоба үш жылға есептелген және Астана, Алматы және Қосшы қалаларында жүзеге асырылады. Жүргізушісіз көліктерді сынақтан өткізу арнайы полигондарда, сондай-ақ мемлекеттік органдармен келісілген жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардың жекелеген учаскелерінде жоспарланып отыр.
Құжатта автоматтандыру деңгейі әртүрлі көліктерге қойылатын талаптар нақты ажыратылған. Шартты автоматтандырылған басқару жүйесі бар көліктерде кез келген сәтте басқаруды өз қолына алуға дайын жүргізушінің болуы міндетті. Ал жоғары деңгейде автоматтандырылған көліктер салонда жүргізушісіз жүре алады, бірақ олардың жұмысы қашықтан оператордың бақылауында болады.
Сондай-ақ қағидаларға сәйкес автономды көліктер деректерді тіркеу құрылғыларымен, бейнебақылау жүйелерімен, автоматтандырылған басқаруды шұғыл өшіру құралдарымен, «Автономды басқару» деген арнайы таңбамен және бағдарламалық қамтамасыз етуді сыртқы араласудан қорғайтын тетіктермен міндетті түрде жабдықталуы тиіс.
Бұдан бөлек, құжатта жолаушыларды тасымалдау, полициямен өзара іс-қимыл жасау, жол-көлік оқиғасы болған жағдайда әрекет ету тәртібі, сондай-ақ пилоттық жобаға қатысушыларды сақтандыру талаптары реттелген. Автономды көліктерді такси қызметінде және тұрақты емес жолаушылар тасымалында пайдалану мәселелеріне де жеке нормалар арналған.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша, пилоттық жобаны іске асыру автономды көлік технологияларын нақты жағдайда сынақтан өткізуге, қолданыстағы реттеу тетіктерінің тиімділігін бағалауға және осы саладағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бірлескен бұйрықтың ресми мәтіні бес жұмыс күні ішінде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланады.