Жаңаөзенде 55 жастағы әйел адам жоғалып кетті: іздеу жұмысына дрон мен спутниктік байланыс жұмылдырылды
Ол Қызылсай ауылындағы Б. Бабаханов көшесінде орналасқан үйінен шығып кеткен
Жаңаөзен қаласының тұрғынын іздеу жұмысы екінші күнге жалғасып жатыр. Әйел адам 3 тамыз күні таңертең үйінен шығып, сол күйі оралмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаңаөзен қалалық полиция басқармасының мәліметінше, 1971 жылы туған Ашықбаева Оңайхан Байболқызы іздестіріліп жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, 2026 жылғы 3 тамызда сағат 09:30 шамасында әйел Қызылсай ауылындағы Б. Бабаханов көшесінде орналасқан үйінен шығып кеткен. Содан бері үйіне оралмаған, қазіргі уақытта оның жүрген жері белгісіз. Іздестіру жұмысы жалғасып жатыр.
«Егер жоғалған әйелдің жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз немесе оны көрген болсаңыз, 8 701 475 38 55 немесе 8 777 920 72 76 нөмірлеріне хабарласуыңызды сұраймыз», – делінген таратылған хабарламада.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, іздестіру жұмыстарына ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) мен спутниктік байланыс қолданылып, 37 қызметкер жұмылдырылған.