«Әділет» партиясы Алматы, Қарағанды және Қызылорда өңірлерінде тұрғындар және еңбек ұжымдарымен кездесті

Алматы, Қарағанды және Қызылорда өңірлерінде қала инфрақұрылымы, өндіріс, еңбек қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды

«Әділет» партиясы Алматы, Қарағанды және Қызылорда өңірлерінде тұрғындар және еңбек ұжымдарымен кездесті
Фото: партияның баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының өкілдері Алматы қаласында, Қарағанды және Қызылорда облыстарында тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында инфрақұрылым, өндірісті жаңғырту, еңбек қауіпсіздігі, аграрлық сектор және өңірлік экономиканы дамыту мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қаласында Арбатта тұрғындардың ұсыныстары мен талап-тілектерін қабылдауға арналған қоғамдық алаң жұмысын бастады. Мұнда үгіт-насихат кезеңі аяқталғанға дейін тұрғындар партия өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселелер мен қаланы дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізе алады. Кездесу барысында алматылықтар Бас жоспарды іске асыру, жол және көлік инфрақұрылымы, қоғамдық көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экология және әлеуметтік сала мәселелерін көтерді.

«Алматы – белсенді әрі бейжай қарамайтын азаматтардың қаласы. Қаланы дамыту үшін қандай өзгерістер қажет екенін ең алдымен тұрғындардың өзі жақсы біледі. Сондықтан Арбаттағы қоғамдық алаң – әрбір адамның үні естілетін орын», – деді Құрылтай депутаттығына кандидат Сергей Пономарев.

Қарағанды облысында партия өкілдері Qarmet компаниясының №2 жылу электр орталығының еңбек ұжымымен кездесті. Ашық диалог барысында өндірісті жаңғырту, еңбек қауіпсіздігі, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау, кадр даярлау және өнеркәсіптік өңірлерді дамыту мәселелері талқыланды.

«Бүгінгі кездесулердің басты мақсаты – адамдарды тыңдау. Өндіріс орындарында еңбек етіп жүрген азаматтардың көтерген мәселелері мен ұсыныстары партия бағдарламасында көрініс табуы тиіс», – деді Құрылтай депутаттығына кандидат Вадим Басин.

Қызылорда облысында «Абзал и К» толық серіктестігінің еңбек ұжымымен өткен кездесуде еңбеккерлерді әлеуметтік қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын дамыту, өңірлік өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдау мәселелері сөз болды. Кездесуге қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.

«Кез келген бағдарлама халықтың нақты сұранысына негізделуі тиіс. Сондықтан еңбек ұжымдарының ұсыныстары мен пікірлері алдағы жұмыстарды жетілдіруге негіз болады. Әрбір көтерілген мәселе назардан тыс қалмайды», – деді Мағжан Ералиев.