«Байтақ» табиғатты қорғау саласындағы сарапшылармен кездесті

Олар табиғи мұра тағдырын талқылады

«Байтақ» табиғатты қорғау саласындағы сарапшылармен кездесті
Фото: «Байтақ» партиясының баспасөз қызметі

«Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Табиғат – ұлттық мұра» атты республикалық сарапшылардың дөңгелек үстелі өтті. Іс-шараны Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы мен AYALA аңшылар және балықшылар ұлттық палатасы ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шарада табиғатты қорғау саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, сала мамандары тәжірибе алмасты.

Биологиялық алуандықты сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту, табиғат қорғау қызметінің өзекті мәселелері, мемлекеттік инспекторлардың тәжірибесі, ғылыми мониторинг пен зерттеулер, браконьерлікпен күрес, экологиялық туризмді дамыту, экологиялық ағартуды күшейту және табиғат қорғау заңнамасын жетілдіру мәселелері қаралды.

«Табиғат – ұлттық мұра. Оны сақтау – келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз. Мұндай кездесулер табиғатты қорғау саласындағы мемлекеттік органдар, ғылым, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік береді», - деді республикалық штаб өкілі Батыржан Сейдомар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық сарапшылық кездесулер алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасады.