Жағдайы ауыр: Солтүстік Кипрде қазақ қызына қастандық жасалды
Ведомство мән-жайлы анықтап жатыр
Солтүстік Кипрдің Никосия қаласындағы «Metropol Market» супермаркетінде 22 жастағы Қазақстан азаматшасы Жанерке Әбдіразақоваға қастандық жасалды. Қазіргі таңда ауыр жарақат алған отандасымыз аса ауыр жағдайда ауруханада жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жергілікті полицияның мәліметінше, оқиға 3 тамыз күні сағат 11:45 шамасында болған. Белгісіз ер адам бойжеткенге пышақпен тап беріп, кейін өз-өзіне де жарақат салған. Екеуі де доктор Бурхан Налбантоғлу атындағы мемлекеттік ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды.
Кейбір жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, шабуыл жасаған азамат бойжеткеннің бұрынғы жігіті болуы мүмкін. Дегенмен, бұл ақпарат әлі ресми түрде расталған жоқ, оқиғаның себептері анықталып жатыр.
ҚР Сыртқы істер министрлігі отандасымыздың қатысуымен болған бұл қайғылы оқиғаны растады.
Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар жергілікті құзыретті органдармен байланыс орнатып, мән-жайды анықтауда. Мәселе ҚР СІМ-нің жеке бақылауында тұр, ресми ақпараттың түсуіне қарай қосымша мәлімет беріледі.