Таразда ер адам түнгі уақытта дрифт жасағаны үшін 10 күнін қамауда өткізетін болды (ВИДЕО)
Сот шешімімен құқық бұзушы 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды
Таразда 25 жастағы ер адам көлігімен дрифт жасағаны үшін 10 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ПД мәліметінше, түнгі уақытта бейнебақылау камераларының біріне BMW автокөлігімен қауіпті дрифт жасау дерегі тіркелді.
Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде полиция қызметкерлері құқық бұзушыны анықтап, ұстады. Ол облыс орталығының 25 жастағы тұрғыны болып шықты.
«Жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзғаны үшін оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары сотқа жолданды. Сот шешімімен құқық бұзушы 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды», – делінген хабарламада.
Айта кету керек, бұл Тараз қаласында дрифт жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған алғашқы жағдай емес. Осындай әрбір құқық бұзушылық полицияның ерекше бақылауында. Ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарында дрифт жасау және жол қозғалысына қауіп төндіретін өзге де қауіпті маневрлер жасау заңнамада көзделген жауапкершілікке, оның ішінде әкімшілік қамауға әкеп соғады.