Wildberries Қазақстанда 46 мың шаршы метр қойма алаңын жалға алып отыр – министр
Олар жаңа қойма алаңдарын ашу жайлы өтініш бермеген
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Wildberries компаниясынан қосымша қойма алаңдарын бөлу туралы ресми өтініш түспегенін мәлімдеді. Министрдің сөзінше, мұндай өтініш түскен жағдайда ол бекітілген стандартты тәртіппен қаралады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазіргі уақытта маркетплейс ел аумағында шамамен 46 мың шаршы метр қойма алаңын жалға алып отыр. Соған қарамастан, ірі логистикалық орталықтар салу жоспары өзгеріссіз қалады. Компания 2027 жылдың алғашқы тоқсанында жалпы ауданы 260 мың шаршы метрді құрайтын жаңа кешендерді іске қосуды көздейді», – деді Арман Шаққалиев үкіметтегі брифингте.
Бұл ретте Астанада 160 мың шаршы метр және Алматыда 100 мың шаршы метрлік қоймалар ашу жоспары бірнеше жыл бұрын белгілі болған еді.
Министр компанияның жаңа алаңдарды іздестіріп жатқаны туралы ақпараттың ашық дереккөздерде бар екенін де атап өтті. Дегенмен, бұл іскерлік келісім болғандықтан, мемлекеттік органдар тарапынан арнайы мақұлдауды немесе келісімді талап етпейді.