Гүлшара Әбдіқалықова Дәурен Абаевтың жұмысынан қауіптенеді
Гүлшара Әбдіқалықова жастар үшін ипотеканың қолжетімсіз екенін айтты
Мәжіліс депутаты Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, биылғы жастар жылының жол картасына 292 млрд теңге көзделген. 2020-2021 жылдары бұл қаржы 321,8 млрд теңгеге дейін өседі.
«Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру үшін жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі артып келеді. Жастар жылының жол картасына 292 млрд теңге көзделген. 2020-2021 жылдары жастар саясатына бөлінетін қаржы 321,8 млрд теңгеге өседі. Халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидаттарын іске асыру жағдайында сайлаушылар бұл қаражаттың бюджеттің әр тармағы бойынша тиімді пайдаланғаны туралы есеп талап етуге құқылы», - дейді ол.
Гүлшара Әбдіқалықова биыл бөлінген қаражаттың үкіметтік емес ұйымдарға грант ретінде таратылатынына күмән келтірді.
«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жауапты болатын 42 тармақтың 31-ін үкіметтік емес ұйымдар гранттық қаржыландыру шеңберінде орындайды. Қазіргі уақытта бұл тармақтардың орындалмай қалу қаупі бар», - деп атап өтті.
Жастар жылы аясында да, осыған дейінгі мемлекеттік жастар саясаты аясында да үкімет берген есептерге қарамастан, депутат жастар арасында өзекті проблема көп дейді. Көптің ішінен Әбдіқалықова екеуін бөліп атады.
«Бірінші, жастарды жұмыспен қамту, жұмысқа орналастыру және олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мәселесі. Өкінішке қарай, жастарды жұмыспен қамтуға ықпал ету шаралары күтілген нәтиже берген жоқ. Мысалы, осы жылдан бастап «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасы іске асырылып келеді. Жоба «жас маман» және «жас кәсіпкер» деген екі бағытты қамтиды. Жас кәсіпкер жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін 18,7 мың адам оқығанына қарамастан, оның 26 пайызы ғана грант және микронесие алып, өз ісін ашқан», - дейді ол.
Ал, екінші мәселе ретінде жастардың оқудан кейін жұмыс таба алмайтынын атаған ол бұл проблеманың себебі - кәсіптік білімнің еңбек нарығына сай келмеуі дейді. «8 млрд қаржыландару көзделгеніне қарамастан, биылғы жылы жас маман бағдарламасы іске асқан жоқ», деді.
Сөз соңында Гүлшара Әбдіқалықова жастар үшін ипотеканың да қолжетімсіз екенін айтып, «үкімет мемлекет басшысының тапсырмасына орай әзірленіп жатқан тұрғын үй дамуының бірыңғай моделіне жастарға қатысты арнайы тарау қосуы керек», деген ұсыныс айтты.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан