ЖСДП конференциясында білім беру саласының өзекті мәселелері талқыланды

Жиында білім сапасын арттыруға қатысты ұсыныстар айтылды

ЖСДП конференциясында білім беру саласының өзекті мәселелері талқыланды
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

ЖСДП-ның сайлауалды науқаны аясында Астанада «Қазіргі білім беру жүйесінің мәселелері» тақырыбында конференция өтті. Іс-шараға партия өкілдері, Құрылтай депутаттығына үміткерлер, педагогтер және балалардың құқықтарын қорғау саласының сарапшылары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Конференция барысында педагог мәртебесін арттыру, білім беру сапасын жетілдіру, ғылымды қаржыландыру және инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері талқыланды.

Құрылтай депутаттығына үміткер Әжар Сағандықованың айтуынша, педагог мәртебесі туралы заңды тиімді іске асыру маңызды. Сондай-ақ ол жоғары оқу орындарында теориялық біліммен қатар тәжірибелік даярлыққа да басымдық берілуі қажет екенін айтты.

Жиында инклюзивті білім беру мәселесі де көтерілді. Құрылтай депутаттығына үміткер Нұрия Балтабаеваның пікірінше, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды сапалы оқыту үшін білікті мамандардың санын арттырып, салалық мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді жұмысын күшейту қажет.

«Инклюзивті білім беру жүйесінің тиімді жұмыс істеуі үшін дефектологтар, логопедтер мен тьюторлар жеткілікті болуы керек. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау үшін Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері бірлесіп жұмыс істеуі маңызды», – деді Нұрия Балтабаева.

Конференция соңында ұйымдастырушылар жиында айтылған ұсыныстар мен сарапшылардың пікірлері партияның алдағы заңнамалық бастамаларын әзірлеу кезінде ескерілетінін мәлімдеді.