Respublica Қызылордадағы Стандарттау орталығында қандай мәселелерді көтерді

Кездесу барысында орталық қызметкерлері зейнет жасын төмендетуді айтты

Respublica Қызылордадағы Стандарттау орталығында қандай мәселелерді көтерді
Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Respublica партиясының республикалық сайлауалды штабы Қызылорда облысындағы жұмысын жалғастырды. Ашық диалог алаңдарының бірі күн сайын жүздеген кәсіпкерге қызмет көрсетіп, сәйкестік сертификаттарын рәсімдеп, отандық бизнесті қолдап отырған Стандарттау және сертификаттау орталығының ұжымы болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құрылтай депутаттығына кандидат Венера Дәулетбаева өз өмір жолымен бөлісіп, қоғамға пайдалы болудың жолын Respublica қатарынан тапқанын айтты.

«Ұзақ уақыт бойы қоғамға қандай пайдамды тигізе алатынымды білмедім. Жауабын Respublica-дан таптым. Осында ReWomen әйелдер қауымдастығын басқарып, адамдармен бірге көптеген мәселені шешуге болатынын көрдім. Күн сайын сіздердің орталық арқылы жүздеген кәсіпкер өтеді. Солардың арасында біздің қауымдастықтың мүшелері де аз емес. Біз дәл осындай еңбекқор азаматтар үшін жұмысымызды жалғастырып келеміз», – деді Венера Дәулетбаева.

Партияның республикалық сайлауалды штабының мүшесі Айтуар Қошмамбетов Respublica кәсіпкерлердің мүддесін жүйелі түрде қорғап келе жатқанын атап өтті.

Кездесу барысында орталық қызметкерлері зейнет жасын төмендету, емделуге зейнетақы жинағын пайдалану, сондай-ақ ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау мәселелерін көтерді.

Нұргүл Тау соңғы үш жылда Respublica фракциясы 300-ге жуық заң жобасымен жұмыс істеп, 3000-нан астам түзету енгізгенін және өңірлерде 400-ден астам кездесу өткізгенін айтты. Ол депутаттар әрбір азаматтың өтінішін соңына дейін жеткізуге тырысатынын, соның нәтижесінде бірқатар студенттік жатақханаларда жөндеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Екатерина Смолякова инклюзия, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау және ымдау тілін дамыту бағытындағы партияның заңнамалық бастамалары туралы айтып, Respublica депутаттарының тек Парламентте ғана емес, өңірлерде де халықпен тұрақты кездесіп, нақты мәселелерді шешуге жұмыс істейтінін жеткізді.

Динара Наумова өзінің өмір жолымен бөлісіп, саясатқа жауапкершілік алуға дайын әрбір азамат келе алатынын айтты. Оның сөзінше, мұндай кездесулердің басты мақсаты – халықтың ұсынысын тыңдап, нақты тапсырмалар алу.

Кездесу ашық диалог форматында аяқталды. Партия өкілдері ұжымның сұрақтарына жауап беріп, айтылған ұсыныстар алдағы Құрылтайдағы заңнамалық бастамалардың негізіне айналатынын жеткізді.